Атырау, 24 қараша 10:43
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Лифтінің рахатын жазда көреміз

2 169 просмотра

 

Алмагүл ықшам ауданындағы 16 қабатты  үйдегі жұмыс істемейтін лифтілердің мәселесін терможаңғырту бағдарламасының көмегімен шешпекші.

 

СОҢҒЫ РЕТ

Естеріңізде болса, осыдан екі ай бұрын «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының өкілдерінің қатысуымен жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің көшпелі жиналысы  кезінде Алмагүлдегі лифтілер облыстық әкімідікте көрсетілген бейне роликтің жағымсыз сюжеттерінің біріне айналған еді. Облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ сол кезде нұротандықтардың талабын қабылдаудан бас тартқан болатын. Өйткені, ол лифтіні басым бөлігі аудандардан көшіп келген аталмыш үйдің тұрғындарының өздері сындырған деген уәж айтты  («АЖ» №14  5.04.12, «Партиядағы дүрбелең»).

Дегенмен, оны тұрғындардың өз ақшаларының есебінен жөндеуге шешім қабылданды. Бұл істің мән-жайы таяуда ғана қалалық әкімдікте биылғы жылғы терможаңғырту бағдарламасына арналған  мәжілісте талқыланды.

Қалалық ТКШ бөлімі бастығының орынбасары Серікбай ҚАЗИЕВТІҢ айтуынша, тұрғындар бірінші кезекте жолаушылардың емес, 800 келіге дейінгі жүк тасымалдауға есептелген жүк тасушы лифтілерді жөндеуге ұсыныс берді. Бір лифтіні қайта жарақтау құны әрбір 16 қабатты үйдегі үш подъезді есептейтін болсақ, ол 9 млн теңгені құрайды.

- Нәтижесінде, әрбір үйге  27 млн теңгеден келеді. Мердігер – «Каспийлифт» ЖШС. Бүлдіруге жол бермес үшін лифтілерді ақылы қолдануды қарастыратын кәртішкелік жүйемен жарақтандырмақ. Тіпті, шақыртудың өзі кәртішке бойынша жүзеге асырылатын болады. Әзірге 8 үйдің лифтісін қайта жарақтауға биылғы жылы тек алтауының ғана тұрғындары келісім берді. Біз тұрғындардың  70% келісімін алып отырмыз, мұның өзі жұмысқа кірісе беруімізге жеткілікті. Қалған №17 және 22-ші үйдің тұрғындарымен де жұмыстана беріңіздер. Облыс әкімі бұл жолғы лифтілерді жөндеу жұмысы мемлекет тарапынан жасалып отырған соңғы көмек екендігін айтты. Егер мұны да сындыратын болса, енді қайтып жөндеу жүргізілмейтін болады, - деді қала әкімі Асқар КЕРІМОВ өз қарамағындағыларға қарап.  

- 16 қабатты үйлерде басқа да проблемалар баршылық – подъездердің ішкі қасбеттерінің әрлеу жұмыстары, коммуналдық желілер бар, солардың барлығы жөнделе ме? – деп біз мәжіліс соңынан Қазиевтен сұрап көрдік.

- Жоқ,бағдарлама бойынша жөндеуге тек лифтілер ғана жатады.

 

ИГЕРІЛМЕГЕННІҢ ДЕ ИГІЛІГІ БАР

- Биылғы жылы жүргізілетін терможаңғырту тізімінен менің учаскемдегі тұрғындардың келісімін алып қойған 7 үйді көрмей тұрмын. Мен енді оларға не айтамын? – деп ашуланды «Әнуар-Авангард» ПИК төрайымы  Людмила ШАРОВАТОВА.

- Тынышталыңыз. Бағдарлама аяқталып жатқан жоқ қой, келесі жылы жөндейміз. Сіз, Әділбек Исағалиұлы (орынбасары Нұрлығожиевке қарап) Астанаға барарсыз. Бәлкім, осы жылда тағы да 10 үйді жөндеуге ақша бөлуге  мүмкіндік туар, - деді қала әкімі.

Шенеуніктер жыл аяғында жалпы еліміз бойынша бюджет қаржысын игеру қорытындысы шығарылған кезде қалған қаржы анықталып жатса, ол қосымша үйлерді жөндеуге жұмсалатын болады. Резервте 11 үй анықталып тұр.

Бағдарлама бойынша үстіміздегі жылға 26 үйді жөндеу жоспарланып отыр. Ол үйлердің басым бөлігі Балықшы және Авангард ықшам аудандарында орналасқан. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 812,5 млн теңге бөлінді, оның  500 млн теңгесі – екінші механизм бойынша (ТКШ бөлімшесі – «Атырау қаласы тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС арқылы) беріледі. Бірінші механизм бойынша қаржы «Атырау» ӘКК арқылы өтетіндігін естеріңізге сала кетейін.

 

ЕСКІЛЕРІ ҚЫМБАТТАУ

Терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеуден өткен алғашқы 17 үйді тапсыру мерзімі - 31 мамыр. Олардың 5-уі бірінші механизм бойынша, яғни, ӘКК арқылы жөнделді. «Атырау» ӘКК директорының орынбасары Абат ТАСЫМОВ жұмыстардың мемлекеттік комиссиямен қабылдануы тиіс дегенмен келіспеді:

-  Әдетте мемлекеттік комиссия пайдалануға жаңадан берілетін жаңа ғимараттарды қабылдайтын. Жөндеуден өткен үйлер жұмысшы комиссиясымен қабылдануға тиісті деп есептейміз. Екінші механизмге келетін болсақ, үйлерді жөндеу 25-тен 34 млн теңгеге шықты, ал, қайтарылатын сома орташа алғанда ай сайын бір бөлмелі пәтер үшін 1 643 теңге болса, 2 319 теңге – екі бөлмелі және  3-бөлмелі пәтер үшін 2 839 теңге болды.

Үйді жөндеуге бәрінен көп шығынданған 1956 жылы салынған Азаттық даңғылындағы №21 үйдің тұрғындары болды. Екі бөлмелі пәтер иесі үшін ай сайынғы қайтарылатын сома 6 300 теңгені құрады. Естеріңізге салайын, несиені толық қайтару 10 жылға есептелген.

 

АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАР

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Нұрлы ХАБИЕВА аз қамтылған отбасы үшін атаулы көмекті беру тәртібі туралы мәселені  алға тартты. Оның айтуынша,бүгінгі күнге дейін қаржының айталық, бір айға, бір жылға  қандай көлемде аударылуы тиіс екендігі туралы түсінік жоқ көрінеді.  

- Егер тұрғын жөндеуге кеткен барлық соманы бірден беріп тастағысы келсе, біз не істеуіміз керек? Ал мемлекетке несиені  қайтару үшін бірден 200-300 мың теңге   тауып берсе, демек, оның еркін ақшаларының болғаны  және ол автоматты түрде аз қамтылғандар тізімінен шығып  қалады. Сондықтан да түсініктеме алғанға дейін атаулы көмек алушыларға қаржыны ай сайын аударып отырыңыздар, - деп түйіндеді өз сөзін Керімов.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА,

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

23 мамыр 2012, 18:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.