Өткен аптада Атырау жолдарын қос дөңгелекке мінген мотоциклшілер жаулап алды. Бұлар мамырдың 12-сі күні ашылған байкерлік маусымның хабаршылары еді.
АВТОМОБИЛЬДЕН АБАЙ БОЛ!
…Күш алған мотоцикл моторының ырылы. Енді бір сәтте жол бетінен мотоциклінің алдыңғы дөңгелегін жұлқи көтере жөнелген байк орнынан қозғалып кетеді де, өзінен кейін-гілердің бәрін артта қалдырып, қара нүктеге айналады. Айнадан кішкентай ғана жарқыраған жұлдызшаны байқаған жүргізушілер кірпіктерін қағып үлгерместен, жандарынан мотоцикл зымырап өте шығып, көкжиектен ғайып болады.
- Бірақ автоәуесқойлар бізді тағы бір себеппен, яғни, мінгеннің бәрі көлік емес деп, ұната қоймайды, - дейді «Фантом» клубының байкері Сергей ВЫСОЦКИЙ. – Егер мінгенің екі дөңгелекті болса, сені жол қозғалысының толыққанды қатысушысына теңемейді. Дегенмен, біз олардың не ойлайтындарына бас ауыртпаймыз. Байкерлердің көпшілігінің машиналары бар. Бірақ байктің аты байк қой...
Мотоциклшілердің өздері әңгімелегендей, егер байкердің жоғарғы жылдамдықта кетіп бара жатқаны әлдебіреулердің ашуына тисе, онда мұны дарақылық деп емес, көлік ағынындағы мәжбүрлі әрекет деп түсіну керек екен. Егер ол жай жүретін болса, әрі кетсе машиналардың араларына қысылып қалады. Ал кейбір жүргізушілер мотоциклшіні қозғалыстың толыққанды қатысушысы деп есептемейді. Ережеге сәйкес, бәрі де артқы кескін айнасына қараулары, бұрылыс көрсет-кіштерін уақытында қосуы, тиісті қатарда болғанда ғана маневр жасаулары және қосалқы жолдан негізгі жолға шығарда жол берулері тиіс. Бірақ мотоцикл мінгендер бұл талапқа бағына бермейді.
МОТОСЕКТА ЕМЕС, МОТОКЛУБ
- Байкерлер - өмірлерін бос сандалумен өткізіп жүрген жалқаулар деген түсінік қалыптасқан. Сіздерді, кешірер-сіздер, көпшілігі «мәйітхананың жартылай фабрикаттары» деп атайды.
- Бұл да бір қалыптасып қалған стереотип. Атыраулық байкерлер, керісінше, өте салмақты жігіттер. Бәрі де жұмыс істейді, көпшілігінің отбасы бар, балалары өсіп жатыр, бойдақтары – қыздарды қыдыртады, жалпы өте жақсы жігіттер, - дейді Сергей. - Зақым алулар болып тұрады. Біздерде егер бірде-бір рет аударылмаған болсаң, онда байкер емессің деп айтады. Байкерлік маусым басталғанға дейін биыл біздің екі жігіт бұғаналарын сындырып алды. Бірақ мұның бәрі ұсақ-түйектер... Бұл істен бас тарту мүмкін емес, байк – бұл бостандық, желмен жарысу, жылдамдық және адреналин.
- Мен, мәселен, жалпы асықпай жүремін, - дейді тағы бір байкер Артем ДАНЕВИЧ. – Қазір Атырауда фрирайдерлер көп. Олар біздің клубтың құрамында емес, бірақ бізге қарай талпынады. Біз олардың тәлімгері ретінде кеңес береміз, үйретеміз. Шлемсіз, қызғын күйде немесе жол қозғалысы ережесіне қарсы ешқайда аттап шықпаймыз. Қызып, шегіп алған, ұзын шашты, мотоциклмен құшақтасып ұйықтайтын байкерлердің қатарынан емеспіз. Біздерде бірінші орында отбасы, екінші орында дос-жолдас, жұмыс, үшінші орында байк тұрады. Ал біздің клубқа келер болсақ, бұл жерде де соншалықты қиын нәрсе жоқ. Бұл мотожанұя немесе мотосекта емес, жай ғана клуб. Біз жай ғана бас қосып, араласамыз. Біздің мотоциклден басқа балық аулау, аңшылық, хоккей секілді қызығушылықтарымыз бар.
АҢЫЗДАР МЕН МИФТЕР
- Егер бір қыз сенің мотоцикліңнің артқы орындығына отырар болса, демек, ол интимдік жақындыққа келісім бергені ме? Сондай бір қалыптасқан миф бар ғой. Немесе мотоциклге отырмас бұрын оны айналып шығып, қасына жүресінен отыру керек деген ше?
- Мұның бәрі сандырақ. Ал әйелдерге келер болсақ, оларға деген қарым-қатынасымыз ерекше. Егер әйелің немесе жүретін қызың болмаса, басқа нәзік жандыларды отырғызбаймыз да, қыдыртпаймыз да. Кейде өте бір сұлу қыз қатты өтініп тұрса ғана отырғызамыз. Бірде-бір байкер, егер ол нағыз жігіт болса, қызды ренжітпейді. Ал біздің арамызда ондай нашар жігіт жоқ. Қысқасы, біздер жақсы жігіттерміз, егер қажет болса, көмекке келеміз. Біз байкерлерміз ғой!
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ