Атырау, 4 қазан 07:33
 ашықВ Атырау +24
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

«20 мамыр» деп кім айтты?

2 137 просмотра

Атыраулық халыққа қызмет көрсету орталықтарында бірнеше күннен бері өз балаларына жеке идентификациялық нөмір (ЖИН) алуды рәсімдеуге тырысқан ата-аналар таң атысымен кезекке тұруда.

 - Алдымен мен өз үйіме жақын маңдағы Баймұханов көшесіндегі халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Мен барған кезде ондағы кезекке тұрған адамның саны 150-дей болды. Адамдар таңғы сағат 6-дан бастап  кезекке тұрған болып шықты.  Сағат 9-да орталықтың есігі ашылып, ішке кіруге  адамдар тарпа бас салды. Айқай-шу, бірін-бірі итермелеген адамдар, тіпті, аяғы ауыр әйелді қысып тастады, абырой болғанда оған еш нәрсе болған жоқ. Кезекті анықтайтын түбіртек беретін аппарат маңында нағыз төбелес басталды деуге болады. Сәтбаев көшесіндегі орталықта халықтың аз екендігі туралы алып-қашпа әңгімелер айтылды, оны естіген мен шапшаңдатып осында келдім, - дейді бірі 2002 жылы, енді бірі 2006 жылы туған балалардың анасы Марина. 20 мамырға дейін қалай болғанда да балаларға ЖИН алу керек деп оған мектепте айтқан.

ЖИН-ді 20 мамырға дейін алып болу керек деген ақпаратты мектеп таратты, дейді кезекте тұрған барлық ата-ана. Әлдебіреулерге тіпті, ЖИН болмаса бастауыш сыныпты бітіргені туралы куәліктің берілмейтіндігін, ал, болашақ бірінші сыныпқа баратындардан құжаттарын қабылдамай, жалпы әңгімелесуге де жіберілмейтіндігін айтып қорқытқан.

- Мұндай дүрбелең бірнеше күннен бері  Атыраудағы үш орталықта да орын алып отыр,- дейді Атырау облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Ербол СЕРҒАЗИЕВ (суретте). – Ата-аналардың айтуынша, мектеп басшылығы балаларға ЖИН мамырдың 20-на дейін рәсімдеуге тиісті екендерін, әйтпеген жағдайда, оларды емтихандарға, тіпті ҰБТ- де  жібермейміз деп хабардар еткен. Ал, іс жүзінде балаларға ЖИН рәсімдеу мерзімі заң жүзінде белгіленген жоқ. Олар үстіміздегі жылдың 31 желтоқсанына  дейін алуға тиісті. Бұған қатысты біз түсінік беру үшін облыстық білім басқармасына жолықтық, сондай-ақ, бұл жөнінде облыс әкімі аппаратын және ішкі саясат басқармасын да хабардар еттік.

Атырау облысы бойынша білім беру басқармасы бастығының орынбасары Клара МҰҚАШКЕРЕЕВАНЫҢ айтуынша, бұл ақпаратты шын мәнінде қалалық білім бөлімі таратқан. Олар Атырау қаласы бойынша салық басқармасынан балаларға ЖИН рәсімдеу процесін жеделдету керек деген хат алған. Бірақ, онда қандай да бір мерзім көрсетілмеген. Кейін салық басқармасы мектеп директорларының қатысуымен өткізілген мәжілісінде оның күнін 20 мамыр деп белгілеген. Қазір мектеп басшыларына мұндай талап қоюдың заңсыз екендігі туралы хабарланды. Мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі мекеме балаларының ата - аналары ешқандай да дүрлігусіз-ақ ЖИН рәсімдей алады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА,

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

16 мамыр 2012, 22:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.