Атырау, 9 желтоқсан 21:34
 ашықВ Атырау -9
$ 514.65
€ 544.60
₽ 5.17

Тастай берік, гүлдей нәзік

3 284 просмотра

29 жастағы Жанна ОРАҚАЕВА – Батыс Қазақстан өңірі бойынша қыздар арасынан шыққан қоян-қолтық ұрыстың жалғыз шебері

«ЖАННАДАЙ ЖАН ЖОҚ»

Исатай-Махамбет алаңындағы мамыр шеруінің фотосуреттерін қарап отырған едік. Ерлермен қатар басына бөтелкені сындырып, кірпішті қолымен қиратқан арнайы жасақ формасындағы, автоматты қолына көлденең ұстаған аласа бойлы нәзік қыздың мүсінін көріп, кім екен деп таң қалдым. №41433 әскери бөлімшеге хабарласып, фотосуретті көрсеттік.

- Бұл біздің Жанна ғой!  – деп жауап берді бөлімшедегілер.

- Ешқашан көрмеппін.

- Ал біз Жанна Сәрсенбайқызын сырт көзге көрсетпейміз, – деп әзілдеді телефон арқылы. – Мұндай жан жалғыз болғандықтан, оны сұқ көзден сақтаймыз.

Шындығын айтқанда, Жаннаның өзі шыққан кезде суреттегіден де нәзік көрінді. Оның қасында бір метр алпыс сантиметр болатын өзімді дәу секілді сезіндім. Ал Жанна іскерлікпен басындағы пилоткасын шешіп, өткір көзінің үстіндегі кекілін реттеп:

- Қайырлы күн! – деп, үстелдің шетіне отыра кетті.

 

ШЕБЕРЛІК СЫНЫБЫ

Жанна Оралдың тумасы, алайда Атыраудың өз үйіне айналғанына жеті жыл болыпты.

- Арнайы жасаққа қалай келдіңіз? – деп, өзімнің басты сұрағымды қойдым.

- Мен жалпы құрлықтағы әскердің барлау батальонында  қызмет етемін. Келісім-шарт бойынша қызмет етіп жүрмін, шенім сержант. Алғаш арнайы жасақ тобына түстім, өйткені қоян-қолтық ұрысты игеру жағынан олардан кем түспеймін, автоматтан ату, найза-пышақты қолдану әдісін меңгергенмін... Оның үстіне таэквондодан көк белдігім бар.

Біздің өтінішіміз бойынша Жанна туфлиін шешіп тастап, өзін қорғаудың бірнеше амалдарын көрсетті. Сценарий бойынша мен шабуыл жасауым керек. Ту сыртынан шабуылдағаным дұрыс шығар деп ойлап, тап бергенімде, сол сәтте «зю» позасына түсіп қалдым.

- Бір жеріңізді майып еткен жоқпын ба? – деп жаны аши сұрады ол жоғарыдан.

- …!

- О, кешіріңіз! Тағы да ма?

Бұл жолы қарсы алдынан тап бердім де, сол мезет тағы жерде жаттым.  Фототілші мәз болды.

Үсті-басымды қағып жатып оның кішкентай ғана алақанында қалайша осынша күш бар екенін санама сыйғыза алмай қойдым.

 

КӨШЕДЕГІ САРБАЗ

- Ал сіздің ептілігіңіз өмірде көмектесе ме?

- Көмектескенде қандай! Бірнеше жыл бұрын ДОСААФ маңында маған бұзақылар тиісті. Кешкі уақыт болатын, үйіме қайтып келе жатқанмын. Кенет артқы жағымнан ысқырған дыбысты, балағат сөздерді естідім, кім екен деп бұрылып қарасам, бірнеше ер адам екен. Шамасы әлдебір құрылыстың жұмысшылары болса керек, үсті-бастары лас, өздері ішіп алған. Әрине, бәлеге қалмайын деп, аяғымды тез-тез басып, адымдай бастадым. Бірақ біреуі жүгіріп келді де, желкемнен бүріп алды. Бірер тәсіл көрсетіп жіберіп, әлгі адамды жерге алып ұрдым. Ол таң қалып және бір жағы намыстанып, көзі шарасынан шыға жаздады Мені балағаттай бастады да, орнынан дереу  тұрғысы келді. Оны жайына қалдыруды ұйғарып, қолыма туфлиімді ұстадым да жүгіре басып кетіп қалдым.

- Ал жігіттермен қарым-қатынасыңыз қалай?

- Мен әлі тұрмыс құрмағанмын. Бәлкім менің талабым жоғары шығар, бірақ барлық әйелдер секілді маған ақылды, мейірімді, күшті, нағыз азамат жігіт керек. Әскери қызметкер болмаса, басқаларын қабылдай алмаймын. Олар да мені қабылдамайтын секілді. Маған тірі джидайды көрген оқушылар секілді қарайды, бірақ жақын келіп, танысуға қорқады. Әсіресе, формамен жүрсем. Ал қолымда автоматым болса, бетіме әскери бояу жағылған болса, тіптен жоламайды.

 

СҮЙІКТІ БЕЛДЕМШЕ

- Бөлімшеде өзіңізді бір тал гүлдей сезінетін шығарсыз...

-  Әрине. Бастапқыда қалалық мерекелерде өнер көрсететін арнайы жасақ мұқатып күліп, сен құртақандай болып қайдан келгенсің дегендей жоғарыдан қарайтын. Содан соң дайындық жаттығулары кезінде оларды орындарына қойдым. Енді сыйлайтын болды. Тең дәрежеде сөйлесеміз, тіпті достасып кеттік.

- Ал ата-анаңыз әскери училищеге барғаныңызға қарсы болған жоқ па?

- Бәрінен бұрын әкем уайымдады. Біздің отбасымызда ер бала болған жоқ, апалы-сіңлілі бес қызбыз. Мені музыка мектебіне бергісі келді, бірақ... мен таэквондоға бардым. Әке-шешемнің көңілі орнына түссін деп, домбырада ойнауды және жақсы етіп тамақ дайындауды үйрендім.

- Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

- Дискотекаға барамын. Би билегенді ұнатамын. Дегенмен, ер адамдармен оңай тіл табысамын. Мен үшін шыр-пыр болатын азғантай ғана құрбыларым бар. Дискотекада көбінесе ішіп алған қыздардың арасында арыздықтар да орын алып жатады. Оларды жайлап қана орындарына қоямын. Бөлімшеден тыс әлем мен үшін бөгде дүние. Ал бұл жерде бәрі өз орнында: жарғы да, тәртіп те, бұл жердің адамдары да өзіме ыстық. Әрине, бастапқыда қиын болды. Маған мұның қажеті қанша деп ойлайтынмын. Ал енді өзімді формасыз, тізеге дейін келетін белдемшесіз көз алдыма елестете алмаймын. Бұл менің өмірім.

- Нені армандайсыз?

-Офицер болуды. Содан соң тұрмысқа шығып, сәби сүюді -  қанша дегенмен әйел адаммын ғой.

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

16 мамыр 2012, 21:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.