6 маусымда Қашағанда «ЕРС-3» жасанды аралында теңізде орын алған төтенше жағдайға әрекет ету бойынша оқу-жаттығу өткізіледі.
Аджип ККО ұйымдастырған «Мұнай-2012» жоспарлы шарасына «Кәсіби апаттан құтқару орталық штабы» «Ақ Берен» РМКК әскерилендірген фонтанға қарсы отряды және «Батыс» әскерилендірілген апаттан құтқару отрядтарының (газдан құтқарушылар) Атырау және Ақтау филиалдары қатысады. «Ақ Берен» Атырау филиалы директорының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары Сергей БИБЯЕВТЫҢ айтуынша, фонтанға қарсы отряд құрамы көрініс ретінде ұңғыда орын алған апатты жоюмен айналысады:
- Бұл газ бен су қоспасының атқылауы болады, біздің міндетіміз ұңғының аузын тұмшалау. Газдан құтқарушылардың міндеті адамдарды көшіру және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету. Мұнай төгілуі салдарынан орын алған жағдайды Аджип ауыздықтайтын болады.
Бибяевтың айтуынша, мұндай оқу - жаттығу соңғы рет 2010 жылы өткізілді. Күнделікті өмірде құтқарушыларға газ фонтандарын тұмшалау мүмкін бола бермейді.
- Жерден газ фонтан болып атқылаған кезде айналаны қалың жалынға орауға оның шамалы ғана ұшқындары жеткілікті болады, - дейді ол.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА