Атырау облысы орман өрттерін сөндіруге дайын емес – облыстық әкімдікте болған селекторлық мәжілісте осындай түйіндеме жасалды.
Төтенше жағдайлар жөнін-дегі департамент бастығы Болатбек ОМАРОВТЫҢ айтуынша, аймақта орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін қорғау бойынша үш мемлекеттік мекеме: Махамбет, Индер және Құрманғазы аудандарында бар. Орман қорының жалпы алаңы – 44,8 мың га. Осы үш мекеменің барлығында бір ғана өрт сөндіретін машина бар, оның өзі 1984 жылы шыққан.
Биылғы жылы екі ірі орман өрті орын алды. 6 сәуірде Құрманғазы ауданының Сафоновка селосынан 5 шақырым жерде 170 гектар алаңды алып жатқан қамыс өртенді, 8 сәуірде «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғат резерватының аумағына дейін жеткен өрт Пешной селосының ауданында орын алды.
Болатбек Омаров шалғай елді мекендер үшін коммуналдық шаруашылықты қамтитын және өртті сөндіретін машинаны сатып алуға ұсыныс жасады. Мәселен, «Уральскагрореммаш» АҚ құны 12-13 млн теңге тұратын көп функциялы машинаны шығарды, ал, Оңтүстік Қазақстан машина құрылысы зауытында әмбебап дала және орман өрттерін сөндіретін, сонымен қатар, ауылшаруашылық техникаларын жууға, суға толған жертөлелерден суды соруға арналған өрт тіркемелерін құрастырады. Ғажайып-тіркеме 1,8 млн теңге тұрады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА