Атырау, 28 қараша 11:29
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Іс бітті, қу кетті

3 419 просмотра

Таяуда ғана 1 және 2 мамыр күндері қатты желдің салдарынан орын алған оқиғаларға көз жүгіртсеңіз, «жіп жіңішке жерінен үзіледі» деген мақал ойға оралады. Негізінен ескі ғимараттар, сондай-ақ, мемлекет қаржысына салынған нысандар зардап шекті. 

Біз «Болашақ» ықшам ауданында салынып жатқан үйлердің сапасының төмендігі туралы жазған болатынбыз («Үгітілген үйлер», «АЖ» №9, 01.03.12). Редакциямызға үрейленген «болашақтықтар» телефон шалған кезде біз таңдана қоймадық. Жел жай ғана шалағай жасалған құрылыстың бетін ашты.

- Желдің екпінімен шатырдың бір бөлігі жұлынып, үйдің жанында тұрған біздің көршінің машинасының үстіне тура түсті. Сол жерде жұрттың көбі  өз машиналарын ғимараттан алыстау жерге әкетіп жатты. Өйткені, олардың барлығы да өз шатырларының мықтылығына  күмән келтірді – деп әңгімелейді  №54 үйдің тұрғыны Ләззат.

- Қатты жел басталған кезде шатырлар тарсылдай бастады, артынша қатты дыбыс шықты, сол кезде біз терезеден төмен қарай ұшып бара жатқан біздің үйіміздің шатырын көрдік. Оны көріп, сасып қалған енем 02-ге қоңырау шала бастады, ондағылар неге екені белгісіз журналистерге хабарласуға кеңес берген – дейді оның көршісі Ақмарал ҚУАНЫШЕВА.

Оның айтуынша, отбасы пәтерді ақпан айында алған, онда тұруға мүмкін болмағандықтан бірден жөндеу жұмыстарына кіріскен. Қоныстанушылар қызық үшін аудандағы басқа үйлерді аралап, олардың сапасының әр түрлі екендігіне көз жеткізген. Облыс әкімі кілтін тапсырған пәтерлердің сапасы барынша жақсы, есік жақтаулары түзу, батареялар жаңа, баспалдақтар  түзу. Ал, басқаларындағы көрініс мүлдем басқаша.

- Бізге жұмысшы комиссиясы келген кезде мен пәтерлерді тексеру барысында комиссияның екі мүшесінің бізге ескі батареялар орнатылғандығы жөніндегі өзара әңгімелерін естіп қалдым., -дейді Ақмарал. – Бұл әңгіменің  неліктен  екі адамныңәңгімесіне ғана айналғандығы түсініксіз? 

Вагон маңында №47 және №54 үйлерге қатысты әңгімеден жалтарған бірнеше құрылысшы жиналып тұрды:

- Біз «МұнайҚұрылысСервис» фирмасынанбыз. 49-дан 53-ші үйге дейінгі  үйлерді салдық. Ал, бұл үйлер    СнабОйлСтройдың үйлері. Олардың жалпы шатырларының кереге көздері дұрыс емес, шатыр тіреуіш тақтайға мықтап шегеленбеген. 120 мөлшерлі шегенің орнына 70 мөлшерлі шегені қаққан.

Облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы Мақсот ЕСІМОВТІҢ айтуынша, Болашақ ықшам ауданындағы үйлер әзірге пайдалануға қабылданған жоқ. Және оларға мемлекеттік комиссиямен қабылданбай тұрып, қалайша қоныстануға рұқсат берілгендігі түсініксіз. 28 сәуірде басқарма мамандары Болашақ мөлтек ауданында жұмысшы комиссиясымен болып қайтты. №№46,47,49,54 үйлер бойынша ескертулердің үлкен бір тізімі жасақталды. Әсіресе, шатырлардың сапасыз жабылғандығы аталып өтті. Айталық, ағаш құрылымдар шегемен бекітілген, ал, олар темір шыбықпен байлануы тиіс болатын. Болашақ ықшам ауданының құрылыс сапасы үшін техникалық бақылауды «БК Групп» ЖШС жүргізеді. ЖШС директорының орынбасары Катара ӘЗІРБАЕВАНЫҢ айтуынша, директор кезекті демалыста, ал, бұл ауданға жауапты маман бір жұмаға жеке шаруасы үшін сұранып кеткен. Ал, қалғандарының онда не болып жатқанымен хабарлары жоқ.

Дегенмен де 3 мамыр күні түстен кейін жұмысшылар ұшып кеткен шатырларды жөндеу жұмысына кіріскен. Ол жұмыстардың сапалы болатындығына тұрғындардың күмәні бар. Алайда, әкімнің сөзінен қорқып қалған олардың шағымдануға да батылдары жетпей отыр.

Наурыздың басында облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ «Болашақ» тұрғын үй кешенінің жаңа қоныстанушыларына (олардың  қатарында негізінен 16 пәтерлік Бейбітшілік, 59 апатты үйдің тұрғындары, сондай-ақ, 1985 жылдан пәтер кезегінде тұрғандар бар) пәтер кілттерін тапсырып, құттықтағаннан соң, былай деді:

-Егер үйдің сапасы ұнамайтын болса, бірден айтыңдар, кейін шағымданып жүрмеу үшін жаңа үйден бас тартыңдар.

Оны барлығы да түсінді. Сапасыз  болса да пәтерді кері қайтаруға ниет білдіргендер табылған жоқ.

Зульфия ИСКАЛИЕВА, суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

9 мамыр 2012, 13:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.