Қаңтар. Еркінқалада қаңғыбас иттер 7 жасар баланы талап тастады, дәрігерлер оның өмірін аса қиындықпен аман алып қалды. Қала маңындағы елді мекендердің бірінде жүз елуден астам бұралқы иттер жойылды. Уақытша тіркеу енгізілгеннен кейін Атыраудағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында басқа өңірлерден келген отандастарымыз «қаптап» кетті. «Жер митингілері туралы іс»: облыстық сот алқасы азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аяновқа қатысты апелляцияны қарап шығып, әрқайсысын 5 жылдан бас бостандығынан айыру үкімін өзгеріссіз қалдырды. Ауғанстанда полиция облыс орталығында 2011 жылдың 31 қазанында теракт ұйымдастырған Атырау тумасы Дамир Зналиевті тұтқындады. Облыстық прокуратура ғимаратының алдында облыс прокурорының бұрынғы көмекшісі Лейла Смадьярова өзін-өзі өртеді (өрт сөндіргішпен жүгіре шыққан көрші кеңседе жұмыс жасайтын ер адам оның өмірін құтқарып қалды). Бұл пара алды деп өзіне тағылған жалған айыпқа қарсы наразылығы болатын. 10 күннен кейін сот оны 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді.
Ақпан. NCOC консорциумының басқарушы директоры Бруно Жарденмен болған «АЖ» сұхбатынан: «Қашаған шығынды жоба болуы мүмкін бе? Бұл өте жақсы сұрақ!». «Атырау» ФК директоры Тимур Нигимовтің сұхбатынан: «2017 жылғы футбол клубының бюджеті сол 2016 жылғыдай: 2 миллиард теңге». Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева қаржы ұйымдарының өкілдерімен кездесуде: «Біздің облысымызға «ЭКСПО-2017» көрмесіне баруға 65 мың адамға квота бөлінді... Тапсырма бере алмаймын, бірақ, барғандары жақсы».
Наурыз. Атырауда мұз астына түсіп кеткен 73 жастағы балықшы әйелді өзі сияқты балықшылар жағаға шығарып алды. 4 жасар сәби балабақшадан шығып кетіп, еріп жатқан Жайықтың мұзды суына құлап кетті. Оны жағалау бойымен кетіп бара жатқан жас жігіт құтқарып қалды. Кейінірек бұл жеке балабақшаның, тіпті, ресми түрде тіркелмегендігі анықталды.
Сәуір. «Балықшылар дүрбелеңі: Исатай ауданы Жанбай ауылының тұсынан бір топ жергілікті тұрғын браконьерлік жолмен ауланған балыққа толы «УАЗ» автокөлігін тоқтатқан АІІБ қызметкерлерінен көлікті тартып алады. Бұдан кейін облыс орталығынан әскери қызметкерлер мінген жүк көлігі ауылға қарай бет алған. Бейнеу – Атырау трассасында Toyota Camry мен КамАЗ соқтығысқан. Жеңіл көлікте ерлі-зайыптылар мен 2 жасар сәби көз жұмды, 10 және 11 жастағы олардың екі баласы жансақтау бөліміне түсті. «Тойотадағы» тағы екі ер адам қаза болды. Күшті жел салдарынан Атырауда, Индерде, Мақатта және Доссорда бірнеше үйдің шатыры жұлынып кетті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осы лауазымда болған бір жылына арналған брифингте «АЖ» сұрағына жауап берді: «...24 сәуірде («жер» митингісінде) халықпен кездескенде толқыдым. Мүмкін сыртқы пішінімнен білінбейтін шығар, бірақ, менің қазір ішім қайнап жатыр...». Облыстық сәулет басқармасының брифингінен: 2015 жылы Атырауда, қала маңындағы елді мекендермен қоса алғанда, 314 мың адам тұрды; Бас жоспарда 2030 жылға қарай облыс орталығының алаңы үш есеге өсетіні, ал тұрғындардың 350 мыңды құрайтыны қарастырылған.
Мамыр. Облыс орталығында 300 қатысушы қатысқан алғашқы «Атырау марафоны» өтті. Махамбет аудандық соты «халық емшісін» 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сеанс кезінде егде тартқан әйел травмалық шоктан көз жұмған. Теңіздегі КТЛ зауытында газ шығарындысынан апат орын алды. Бірақ, ТШО өкілі Имир Боннер журналистердің бүкіл сұрақтарына: «Шығарынды қауіпті болған жоқ» деп жауап берді. Кейінірек Атырау әкімшілік соты «Теңізшевройлға» 278 млн теңге айыппұл салды.
Маусым. №3 емханада келушілерге арналған электронды кезектің таныстырылымы өтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жақын уақытта оны бүкіл амбулаториялар мен емханаларға енгізуге уәде берді. Жергілікті бюджеттен қаржылар бөлінген. Қала маңындағы Бесікті ауылында жоғалған 8 жасар қыздың денесі Жайықтан табылды. Қылмыс жасады деп күдіктелген 28 жастағы көршісі ұсталды.
Шілде. Индер ауданының Елтай ауылында салтанатты түрде «уақыт капсуласы» қаланды: «Issmatinvestment&finance» француз компаниясы «Атырау» ӘКК-мен бірге қатарынан бірнеше ауқымды инвестициялық жобаларды таныстырды. Ал «АЖ»-ның журналистік тексеру жұмыстары шетелдік серіктестің ауқаттылығына үлкен күмән тудырды.
Тамыз. Қызылқоға мен Индер аудандарында дала өртке оранды, жалпы өртену алаңы – 66 мың гектар. Қала маңындағы Бесікті ауылының 33 жастағы тұрғыны Ержан Серіков Жайыққа батып бара жатқан жасөспірім екі қызды құтқарып қалды, бірақ, өзі қаза болды. Кейінірек «Төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін» алқасы (өлгеннен кейін) анасына табыс етілді.
Қыркүйек. Қарабатанда жұмысшылар асханасында 26 адам уланып қалды. Тексеру жұмыстары азық-түлік блогындағы жұмысшылардың бірінен сальмонеллез анықтады. Тамыздың аяғынан бастап Атырауда көптеген аудан тұрғындары мүңкіген бензин иісіне шағымданды. Экология департаменті АМӨЗ-ге жоспардан тыс тексеру жіберіп, облыс орталығында атмосфералық ауаны өлшеу жабдықтарының жоқтығына қынжылыс білдірді. Бірақ, жыл аяғына дейін осындай екі аспап Ресейден келетіндігіне уәде берді. Ал ҚР бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин «АЖ»-ға берген сұхбатында, егер мұнайлы астанада мұндай аспап болмаса, саусағын кесіп беруге ант-су ішті. Атырауда алғаш рет Қазақстаннан, Қытайдан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Моңғолиядан келген ақындар айтысы өтті. Бас жүлдені жеңіп алған Жамиға Дәулетова (Қытай) «АЖ»-ға берген сұхбатында: «Мен қайда барайын, қазақтың ұрпағымын» деді.
Қазан. Атырауда «Ретро-парк» ашылды, салтанатқа 3 мыңнан астам адам қатысты. Сот сеніп тапсырылған бөгде мүлікті иемденді, лауазымдық өкілеттігін асырып, қызметтік жалғандық жасады деген айыппен «Атырау Су Арнасы» КМК басшысы Андрей Ташлыковты қамауға алуға санкция берді.
Қараша. 50 жастағы Нұрсая тұрғыны түнде темекі тартуға шығып, қоқыс контейнерінен шыққан дыбысты естіп, сол жерден пакетке салынған жаңа туылған қыз баланы тауып алды. «Жедел жәрдем» сәбиді перзентханаға алып кетті. Бес ұлы бар ер адам жұбайымен ақылдасып, өзі тауып алған қыз баланы асырап алғысы келеді. Облыс орталығын Жаңа жылға безендіру үшін 89 млн теңге жұмсалады (көрші Ақтауда – 14 млн).
Желтоқсан. «Жауап қайтару»: алдымен балық қорғау қызметі катерде белгісіз екі адаммен балық аулаған шекаралық қызметкерді ұстауға тырысты. Ал кейінірек шекарашылар қайықта қызыл балықпен бірге балық қорғау қызметінің қызметкерін ұстады. Кезінде Бергей Рысқалиевтың командасын құлатуда негізгі рөл атқарған облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев жергілікті ірі компанияға басқарушы директорлардың бірі болып тағайындалды. 20 жастағы Атырау тумасы Тимур Қожағалиев ІТ-инженерлері командасының көшбасшысы ретінде Англияда Microsoft компаниясына арналған қосымшаны жасап шығарды. Бұл әлемдік хирургия үшін келешегі зор. «АЖ» сұхбатынан: «Мен үнемі 100 пайызға жұмыс жасауға тырыстым. Егер сенің қолыңнан іс келетінін өзгелер көрсе, сен міндетті түрде көзге түсесің. Сенің еңбегің бағаланады».
Жаңа жыл құтты болсын!