ЗАҢДЫ БЕЛДЕН БАСТЫ
Индер аудандық прокуратурасы «BIAS Tech» компаниясының еңбек заңдылықтарын сақтамай отырғандығын анықтады.
Индер ауданы прокуроры Нұрлан ӨМІРЗАҚОВТЫҢ айтуынша, «BIAS Tech» компаниясы ұжымдық шарттың тараптарын сақтамай, еңбек демалысын беру, жұмысшыны еріксіз басқа жұмысқа ауыстыру, үстеме ақы төлеуде заңдылықты сақтамаған. 2012 жылы жұмыстан шыққан 2 жұмысшымен уақтылы есеп айырыспау, тіпті жұмысшылардың еңбекақысын кешіктірген. Прокуратура компания басшылығына шара алу үшін тиісті орындарға ұсыныс беріпті.
БАЛАЛАРЫНАН БАС ТАРТТЫ
Қызылқоға ауданындағы сағыздық ата-ана өз балаларынан жерінді.
Аудан әкімдігі жанындағы жастары кәмелетке толмағандар ісі және балалардың құқықтарын қорғаушы комиссия бұл істі сотқа жіберуге мәжбүр болды. Себебі, бұдан 7 жыл бұрын бас қосқан жас отбасы өз балаларын асыраудан бас тартқан. Екі баланың әкесі ішкілікке салынған, туберкулезбен ауырады, ал шешесі үйге тұрмайтын қаңғыбас. Уақытша екі бүлдіршін Сағыз селосындағы шипажай іспетті «Ақбота» балалар бақшасына жіберілген. Комиссия балаларынан жерінгендер ісін сотқа беріп, ата-аналық құқынан айырмақшы. Бір ғажабы, балалардың 25 жастағы шешесінің3-ші балаға аяғы ауыр болып шықты. «Көкек ана» іштегі шаранасын асырайтын адамдар тапқанын комиссия мүшелерінен жасырмапты.
КІТАПҚҰМАР ҚЫЗ
Индербор поселкесіндегі №8 лицейдің түлегі Айжан ЗЕКЕНОВА аудандағы ең үздік оқырман атағына ие болды. Осы кезге дейін көптеген кітап оқыған қыз «Менің сүйікті кейіпкерім» көрмесін ұйымдастырған.
9 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ
2011 жылдың қарашасында доссорлық 24 жасар жігіт 2 рет атылған оқтан ауыр жарақат алып, ауруханаға жетпей қайтыс болған еді.
Доссордың тұрғыны Т. Н. ұйым құрып, жеңіл жолмен ақша табуды ойластырады. Ол ой тергеу барысында өзі мәлімдегендей, ұңғысы мен дүмбісі кесілген екі ауызды «БМ» маркалы, 16-шы калибрлі мылтықты пакетке салынған күйде көшеден тауып алғанда келген. Ауылдас жас жігітпен сөзге келіп қалып, мылтығын алып есе қайыруды ойлайды. Атылған оқтан жас жігіт қансырап мерт болған еді. Сот қылмыскерге 9 жылын түрмеде өткізуге үкім шығарды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА