Атырау, 24 қараша 09:38
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Үлкен бастықтың» қолы керек

4 549 просмотра

Индер ауданы, Бөдене селосының егіншілері құрғақшылық зардабын тарта бастады. Олар келісім-шартпен келісілген суға қол жеткізе алмай («Бір жұтым су», №17, «АЖ») дал. Сол себепті зор шығынға батқан егіншілер қатты алаң  күйде.

Бүкіл ғұмырын егіншілікпен байланыстырып келе жатқан Индердегі Бөдене ауылы егіншісі Санахмет  ТӨЛЕГЕНОВ талай қиындықтарды бастан кешіргенімен, қазіргідей жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келіп отырғанын жасырмады. Бұлар құрған «Қалыбай» ШҚ мүшелері20 жылдан бері бау, бақша, көкөніс дақылдарын өсірумен түпкілікті айналысып келеді. Және сол жылдар ішінде мол тәжірибе жинақтап, егіс көлемін едәуір ұлғайтты. Себебі, Төлегеновтер отбасындағы оншақты жан осы егіннің ырыздығы арқасында күн көріп келеді. Зейнеткерлік жастағы Санахмет аға мен оның жұбайы Салима апа балалары Нұржан, Нұрлан, Нұрбекті де егіншілікке  баулыған. Өйткені ауылда жұмыс жоқ. Ауыл адамдарының күнкөрісі-егін мен мал.

- Сушарлықтар наурыз айында екі тараппен жасалған келісім-шарт қағаздарын «үл-кен бастыққа қол қояды» деп алып кетіп, содан ұшты-күйлі жоғалды. Енді егінге су бермейтін болса күніміздің қараң болғаны. Суын тұтынатын «Алғабас-Жорық» каналы ылғалсыз қалды. Ал біз жерімізді жыртып қойғанбыз, енді ол да кеуіп жатыр. Сонда бұл мұңымызды кім тыңдар?-дейді Санахмет Төлегенов. 

Биыл «Қалыбай» ШҚ бау, бақша тұқымын 100 мың теңгеге алып келген болатын. Оның үстіне «Каспий-Жайық» КМК-нан6 тонна картоп тұқымын алдыртқан. Көктем туысымен үй айналасына бау, бақша тұқымын егіп, оны водовоз арқылы суарып, ерекше күтімге алған болатын. Көшеттер желкілдеп, енді далалыққа отырғызатын күн де асып барады.

-Тұқымдық картоп босай бастады, оны қараңғы қораға салғанымен көктеп жатыр. Көшеттердің бойлары өсіп бабында тұр. Жерді жырттық. Енді егейік десек канал бойында су жоқтықтан әрі-сәрі күй кешудеміз. Қазірдің өзінде 1 миллион теңгеден астам қаржы жұмсап үлгердік. Егер егін болмаса оның орнын кім толтырады. Неге су болмайтыны жөніндегі әңгімені қаңтарда ашып айтпады, онда мұндай шығынға қалмас едік. Сушарлықтар су бере алмай қалса егіншілер сотқа береді деп, келісім-шарт жасаудан қашып отыр,-дейді Санахмет аға.

«Атыраусушар» РМК-ның Индер ауданындағы филиалы бастығы Сайлау БАЙБОСЫНОВ 3 күн ішінде «Алғабас-Жорық» каналына су берілетінін, бірақ  кез-келген уақытта судың тоқтап қалуы мүмкін екендігін жасырмады. Ал бұл канал бойында Төлегеновтер отбасынан басқа да  3 егінші жанұясы өз нәпақасын айырып отырған болатын.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

2 мамыр 2012, 18:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.