«Азғана жаңбыр жауса болды, көшеміз кісі өте алмайтын батпаққа айналады. Қашан асфальт салады?».Осындай сұрақтар редакциямызға көптеп түседі. Бұл «АтырауИнжСтрой» ЖШС техникалық директоры Валерий КУДРЯКОВПЕН (суретте) кездесуімізге себеп болды.
– Валерий Михайлович, биылғы жылы сіздің компания салатын жол құрылысының көлемі қандай?
– Қазір біз Дамбыдағы, Контейнерныйдағы тұрғын үй массиві мен Алмагүл ықшам-ауданындағы жол құрылысына кірісіп жатырмыз. Алма-гүлде көліктер тұрақтайтын орындар жетіспейді. Ал жүр-гізушілер оларды балалар алаңдарына қояды. Біз балалар алаңына орын қалатындай, әрі көлік қоятын жер болатындай етіп жасамақпыз. Жол-2012 бағдарламасының басқа бағыты - Болашақ, Нұрсая ықшамаудандарына, Датов пен Жарбосынов көшелерінің бойына жол салу боп табылады. Геолог пен Мирасты асфальттауды толықтай бітіреміз. Бұдан басқа, 1 тамызға дейін Алмалы поселкесінен 4,5 км, Береке поселкесінен 5,8 км, Махамбет пен Сарытоғай поселкелерінің арасынан 5,6 км, Көктоғай, Өрлік, Есбол және Елтайдағы поселкеішілік жолдарды саламыз.
Қарабатандағы мұнай-химия кешенінде ауқымды жұмыс көлемі күтіп тұр. Ол жерден өнеркәсіп жолдарын салатын боламыз. Оған қоса жалпы ұзындығы 114 километр болатын Сағыз-Миялы жолын аяқтауға тиіспіз. Бұл облыстық әкімдіктің үлкен әлеуметтік жобасы, Миялыға дейін бұрын-соңды жол болмаған.
– Редакцияға Жұмыскер-1 мен Жұмыскер-2 тұрғындарынан сол жерден жол салу туралы өтініштер айтылған біршама қоңыраулар түсіп тұрады.
– Қала бойынша кейбір келісім-шарттарға қол қойылмаған, әзірге бюджетке қосымша қаржылар түскен жоқ. Алайда қалалық әкімдік Жаңа Сарықамыс ықшамауданынан теңізге қарай орналасқан жаңа тұрғын үй массивтерін асфальттауды жоспарлап отыр. Егер ақша болса, осы поселкелердің барлығын Ракушке дейін және Атырау – Бесікті жолдарының жиегіндегі поселкелерді асфальттайтын боламыз. Мен мұның бәрі биыл жасалады деп айтып отырған жоқпын. Бірақ бұл қалалық әкімдіктің жоспарында бар. Тағы бір бағыт – Алғабас-Водников аудандарының тұрғын массивтеріндегі және т.б. көшелерді асфальттау. Бірақ бұлар келер жылы жасалмақ.
Биыл 10 километрдей жаяу жүргіншілер жолын саламыз. Молдағұлова мен Құрманғазы көшелерінен бастаймыз, содан соң теміржол вокзалының маңындағы массивтерді қолға аламыз.
– Амандосов көшесінің тұрғындары сенбілік кезінде ағаштар отырғызатын көң-дер тиеген КамАЗ-дардың жаяу жүргіншілер жолының көп жерлерін бұзып тастағанын айтады.
– Біз салып жатқан жолдар мен жаяу жүргінші жолдарының қожайындары емеспіз. Сондықтан сотқа бере алмаймыз. Жалпы біздің жолдарымыз 25 тонналық самосвал көліктеріне емес, шағын жүк көтеретін жүк көліктері мен жеңіл машиналар жүруге арналған. Қалада мұндай ауыр көліктер жүрмеуі тиіс.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ,
Суретті түсірген автор