Атырау, 24 қараша 09:26
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жұмысты жарақат алу үшін жасамайсың

2 349 просмотра

27 сәуірде Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінің қарсаңында облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті атыраулық жұмыс берушілерді Н. Жантөрин атындағы филармонияның үлкен залына жинады. Семинар еңбек қауіпсіз болуы тиіс деген тақырыпта өрбіді.

Дүние жүзінде бұл күнді «көздеріне жас алып» атап өтеді, өйткені бұл күн жұмыс орнында қаза болған жандарды еске алу күні ретінде 1989 жылы алғаш рет атап өтілді. Департаменттің бөлім бастығы Ибрагим ТӨЛЕГЕНОВ қайғылы статистиканы мысалға келтірді: 2011 жылы Қазақстанда бақытсыз жағдайлардың салдарынан өндірісте 2 247 адам жапа шегіп, 365 адам көз жұмған. Атырау облысында өткен жылы 80 адам зақым алып, 20 адам қаза болған.

Биылғы жылдың ақпан айында «ССС» компаниясының жұмысшысы Қашағанда 6 метрлік биіктіктен құлапты. Бағына қарай, тірі қалып, бірақ ауыр зақым алған. Бұған құрылыс алаңында қауіпсіздік техникасының ережесі сақталмағандығы себеп болған көрінеді.

Осы жылдың наурызында мұнай құбыры учаскелерінің біріндегі тұрғын вагондардың ішінде болған «Семсер Секьюрити» ЖШС Құлсары филиалының 5 жұмысшысының 3-уі тірілей өртеніп кетті. Бірақ бұл жерде біреуге кінә тағатындай жағдай болмаған: тергеу ісі қайғылы оқиғаның орын алуына вахта ауысымының қарсаңында ішімдік ішу себеп болғанын анықтады. Түн ортасында өрт басталған кезде бәрі: келген ауысымдағы жұмысшылар да, таңертеңгілік вахталарын тапсырулары тиіс күзетшілер де ұйықтап жатқан...

Жұмысшыларды таситын қызмет көлігінің жол-көлік оқиғасына көп ұшырауы да алаңдатады. Жыл басынан бері Атырау облысында осындай 8 жол-көлік оқиғасы орын алып, 18 адам жапа шеккен. Ибрагим Төлегенов жұмыс берушілердің барлығына қалааралық трассаларда шетелдік компаниялар қолданатын жылдамдықты шектеу тәжірибесін қаперлеріне алуға кеңес берді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

2 мамыр 2012, 17:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.