Атырау, 5 қазан 03:17
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Газ секторындағы сергелдең

2 260 просмотра

Автогаз құю стансаларында бір литр газдың құны 70 теңгеге дейін жеткен (осыдан екі апта бұрын 33 теңге болатын). Бағаларды автобекеттердің жеке қожайындары көтеріп жіберіпті. Өз әрекеттерін олар облыстағы сұйытылған газдың тапшылығымен түсіндіреді.

Жүргізушілердің айтуынша, бүкіл наурыз бойына сұйытылған газға қатысты іркілістер орын алыпты. Бекеттерде «көгілдір отынды» тек талон бойынша ғана босатқан. Облыс әкімінің блогына олар төмендегідей хабарлама қалдырыпты:

-  Сіздерді 1 наурыздан бастап Атырау қаласындағы бекеттерде саттыққа газ жоқ екенінен хабардар етеміз. Мәселен, Привокзальныйдағы «Нұр-3» бекетінің жанындағы жеке газ құю стансаларында соңғы күндердегі баға 40 теңгеден 50 теңгеге дейін көтерілді. Тайманов көшесінің бойындағы «Ниет» автогаз құю стансасында бір литрі 70 теңге тұрады. Ол жерде де ұзын-сонар кезек. Қалған бекеттерде тек талон бойынша ғана босатады. Тапшылықтың себебі неде, монополияға қарсы агенттік қайда қарап отыр?

Облыстық табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаментіндегілер бізге басты орындарда тұрған нарық субъектілерінің тізілімінде «Жайық-газ» ЖШС мен «Стандарт-газ» ЖШС компанияларының тұрғанын хабарлады. Олар сұйытылған газды көтерме бағамен өткізумен айналысады. Олардың тарифтері өзгермеген – литрі 23 теңге.

Тек «Жайық-газдың» ғана өз автогаз құю бекеттері бар - қала бойынша 4 бекет. ЖШС директоры Руслан КАШЕНОВ былай дейді:

– Біз газды «Стандарт-газдан» аламыз. Ол көлем біздің бекеттерді қамту үшін жеткіліксіз. Сәуір айында бар болғаны 30 тонна алдық. Барлығын Ганюшкин мен Доссордағы өз бекеттерімізге жібердік. Ол жерде 33 теңгеден сатамыз. Бірақ бізге осындай бағамен газды Атырауда сату тиімсіз, сондықтан 20 сәуірден бастап қала шеңберіндегі өз бекеттерімізді жалға беріп қойдық. Осыған дейін 33 теңгеден сатқан едік.

Кашеновтің айтуынша, олардың бекеттерінің бәрін (қаладағыны қосқанда) газбен қамту үшін айына 250 тонна газ қажет екен.

Ескі әуежай мен «Атырау Су арнасы» КМК маңындағы бекеттерді «Жайық-газ» «Тапаев» ЖК-ге жалға беріпті. Біз сол жерге барған едік. Картонға жазылған баға 60 теңгені көрсетіп тұрды.

ЖК директоры Мәжит ТАПАЕВТЫҢ айтуынша, Атырауда газ жоқ. Ол оны Ақтөбеден сатып алады екен.

«Стандарт-газ» Атырау филиалының атқарушы директоры Бауыржан ИМАНАЛИЕВ былай дейді:

– Біз газды Привокзальныйдағы «Достық-Атырау», «Жайық-газ» ЖШС, Махамбет ауданындағы «Кенжеғалиев» ЖК мен Теңіздегі «Карат» ЖШС-нің жеке бекеттеріне көтерме бағамен өткіземіз. Газды көтерме бағамен бір литрін 22,13 теңгемен босатамыз. Наурызда іркілістер орын алды. Өйткені АМӨЗ-де жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Қазір ахуал қалпына келді.

«Достық-Атырау» бекетінде газдың литрі 50 теңгеден сатылуда. Оның қожайыны Абай ЖАНЕСЕНОВ бағаларды электр қуаты мен басқа коммуналдық қызметтердің қымбаттауына байланысты 12 сәуірден бастап көтергендерін айтты.

Көтерме жеткізілімдері көлемінің азаюына қатысты Алматыдағы «Стандарт-газ» ЖШС-нің коммерциялық директоры Бағытжан ИБАДОЛЛАЕВ қысқа ғана қайырды:

– Қанша сұраса, сонша жібереміз.

Ал энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының инфрақұрылымды дамыту бөлімінің мәліметтері бойынша, «Стандарт-газ» ЖШС – бүкіл облыстағы бірден бір оператор. Ол АМӨЗ-ден сұйытылған газды сатып алып, халыққа (балонды газ) және жеке бекеттерге босатады екен.

– Сұйытылған газға сұраныс жылдан жылға көбейіп келеді, -  дейді инфрақұрылымды дамыту бөлімінің бас маманы Динара ҚУАНЫШЕВА. – Биыл облысқа айына 400 тонна сұйытылған газ қажет, оның 240 тоннасы – Атырау қаласы үшін.

Бізге әзірге АМӨЗ-дегі сұйытылған газды өндіру көлемі өзгерді ме, жоқ па, анықтау мүмкін болмай отыр. Зауыттың баспасөз қызметі ресми сауал жолдауды өтінді.

Газ пайдаланатын жүргізушілерге үстеме бағаның ауыр тигендігін айта кеткен жөн:

- Бензин қымбаттап, саттықтан әлсін-әлі жоқ боп кететіндіктен, мен екі ай бұрын газбен жұмыс жасайтын итальяндық электронды жабдық орнатқан едім. Бұған 140 мың теңгемді жұмсадым, - дейді Есен. – Бірақ мен бұл шығындарымды 33 теңге боп тұрса, ақтап алған болар едім. Ал енді қазір ұтылып отырған жайым бар. Мен сияқтылар өте көп.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА,

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

2 мамыр 2012, 18:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.