Атырау, 24 қараша 09:42
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Энциклопедияға енген бала

2 739 просмотра

№30 мектептің алтыншы сынып оқушысы Мағжан ҚАПЕСОВТІҢ  «Қазақстанның таңдаулы адамдары» («Дарынды балалар» бөлімі) энциклопедиясына енгізілгендігі туралы хабар оның ұстаздары үшін жаңалық болғанымен, тосын емес еді.

- Мағжан мектеп бағдарламасында қарастырылған тапсырмалардан басқа, көп нәрсені біледі. Ол түрлі олимпиадалардан құр қалып көрген емес, мәселен, әлемдік көркем мәдениет тарихы бойынша болатын «Золотое Руно»  халықаралық ойын байқауына, «Ақ бота» республикалық интеллектуалдық марафонына, математикалық «Кенгуру-математика баршаға» атты халықаралық ойын-байқауына,  «Русский Медвежонок – языкознание для всех» халықаралық байқауына қызыға қатысады. Ондай оқушы сирек кездеседі! – дейді Мағжанды мақтаған оның сынып жетекшісі Мүнира ТАСТАНОВА,оқу ісінің меңгерушілері Үміт САРМОЛДАЕВА,Дәмен ТӘЖИЕВА және  Светлана ТӨЛЕУШЕВА.

Мағжанның энциклопедияға қалай енгізілгендігі оның ата-анасы үшін әлі жұмбақ. Дегенмен, олар балаларын қай жағынан болсын қолдап отырады.

- Біз жиі көшіп-қонып тұрамыз, сол себепті Мағжан Алматы облысының селолық қазақ мектебінен бастап, Кипрдегі орыс мектебінде де (онда қазақ мектебі жоқ) оқып үлгерді, ал, 2008 жылдан бастап №30 мектепте оқиды, - дейді анасы Айнұр.   – Менің ойымша, оның білімге деген құштарлығын алғашқы ұстазы  ұялатқан сияқты. Бізге енді тек оның талабын қолдап, одан әрі оқуына, яғни, түрлі энциклопедиялар мен математика және логика бойынша кітаптар алып беріп, мүмкіндік  тудыру ғана қалып отыр.  

Мағжан түпнұсқадағы әдебиетті үш тілде оқиды, классикалық музыканы тыңдайды, домбырада ойнайды, шахмат ойнағанды, жүзуді және теннисті  ұнатады. Анасының пікірінше, оның да осал жері бар екен, ол да басқа балалар секілді компьютерлік ойындарды жақсы көреді. Оның уақыты мен көз жанарын аяған ата-анасы түрлі парольдар мен кодтар орнатқанмен, ол оған кедергі бола алмаған. 

– Сен кім болғың келеді? – деп сұрадым мен Мағжаннан.

– Қаржыгер.  Математика - менің ең сүйікті пәнім.

Ол оқуын қазақ-түрік лицейінде жалғастырғысы келеді:

– Осы лицейді үздік бітірген түлектерге аудармашы дипломы беріледі. Соның арқасында мен қаржыгерлікке оқумен қатар, жұмыс та жасай аламын.

Міне, талабы зор деген осы!

Зульфия ИСКАЛИЕВА, суретті түсірген автор

2 мамыр 2012, 17:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.