Атырау, 10 қазан 16:50
 бұлттыВ Атырау +15
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Өмірге келгеніңе өкінбе, сен...

3 533 просмотра

«АЖ» тілшісі «Жасөспірім» деп аталатын жедел-алдын алу шарасына қатысты

АҚЫЛҒА КЕЛТІРУ

Кешкі сағат сегізде Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі қалалық инспекцияның және Балалар құқығын қорғау жөніндегі департаменттің қызметкерлерімен бірге бейберекет отбасылардың мекен-жайларын аралауға шықтық. Олардың 39-ы есепке алынған екен. 

Привокзальныйдағы бес қабатты үйдің кір басқан бір бөлмелі пәтерінде кішкентай екі баласы бар жас әйел тұрады. Бірнеше күн бұрын колониядан оның бауыры Руслан босап шығыпты. Бұл үйде соны сылтау етіп, ауыздары құрғамай ішу жалғасып жатыр екен. Тойлаушылардың ішінде әйел де бар. Егер келесіде осындай көрініс қайталанса, балаларды алып кетіп, ата-аналық құқығынан айыру туралы мәселе шешілетін болады деп әйелге ескерту жасалды. Руслан әпкесін ақылға келтіріп, пәтерді реттейтінін айтып және жұмысқа орналасамын деп ант-су ішті.

АУЛАДАҒЫ ДИВАНДА

Осы жерде тамақ жейді...Келесі мекен-жай – ескі қаладағы Ворошилов көшесіндегі қисайған лашық үй. Қақпаға кірер-кірместен  әжетхана иісі араласқан сасық иіс бетке соқты. Бүкіл отбасы ауладағы ескі диванға жайғасыпты. Ерлі-зайыпты Владимир мен Дәрігүл әжептәуір «жұқалап алған». Жандарында үш жасар Артем мен жеті жасар Никита (балалардың есімдері өзгертілді) ойнап жүр. Ауладан погон таққан адамдарды көрген Дәрігүл балаларын ұстап алып, оларды бермейтіндігін айтып жылай бастады.

Осында ұйықтайды...Асүйден көгерген тамақ қалдықтары мен темекі тұқылдары, үстел үстінде лас ыдыстар шашылып жатыр. Екі бөлмеде сасыған ескі-құсқылар, шүберектер үйілген. Отбасы осы жерде ұйықтап, осы жерде қажетін өтейді (суретте).

Дәрігүл:

– Мен өзім ішпеймін, күйеуім ғой ішетін. Пасхадан бері қарай аузы құрғамай жүр. Үйдің ішінің шашылып жатқаны соның кесірінен. Ал мен онымен күресуден шаршадым, осындай өмірден шаршап кеттім. Бүгін оған серік болып ішіп едім.

Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекция бастығы Асылан ТҮСІПҚАЛИЕВ осы жұпты ата-аналық құқығынан айыру туралы мәселе көтерілгенін түсіндірді.

– Оларға сол кезде сынақ мерзімі берілген болатын, ол әйел шынымен де ішуді доғарып, үйін ретке келтірді. Балаларын алып кетпедік, есептен шығардық. Бірақ енді келіп бұрынғы әніне қайта басқаны анықталып отыр. Егер бөтелке өз балаларынан қымбат болса, ендеше ата-аналық құқығынан айырамыз.

 

КАЛЬЯН ОНЫҢ ҚОЛЫ ЕМЕС

Кешкі сағат ондардан кейін рейд кафе мен мейрамханаларға аяқ басты, ол жерге келетін және жұмыс істейтін кәмелетке толмағандар бар ма, жоқ па, тексермекпіз. Түрік кафелерінің  бірінен кальян апарып жүрген бозбала күйбеңдеп жүрді. Әңгіме кезінде ол өзінің жасы он жетіде екенін мойындады. Әкімші бұған қатысты өз жорамалын жеткізді:

–Біздің кальян жеткізушіміз басқа жігт, бірақ ол бүгін сұранып кетіп еді. Ал өзінің орнына осы жас жігіттің жұмыс істей тұруын өтінді. Оның жасы нешеде екенін білмейміз.

Осы кезде Құмар сол кафеде тұрақты жұмыс істеп келе жатқанын көрсеткен түсініктеме жазып тастаған еді.

- Бұл жерде бірнеше құқық бұзушылық бар, - деп түсіндірді тексерушілер. – Біріншіден, сағат 22-ден кейін кәмелетке толмаған балалардың сауық орындарына келуінің өзі заңсыздық. Екіншіден, мұндай орындарға кәмелетке толмаған жасөспірімдерді жұмысқа алуға тыйым салынған. Айыппұл саламыз. Осы заң бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл бірнеше есеге көбейеді.

Құмар өзінің осы жерде жұмыс жасауына тура келгенін айтады:

- Біз үшеуміз – анам, мен және төрт жастағы қарындасым пәтер жалдап тұрамыз. Мен бұл жерге анама көмектесу үшін орналастым. Табысым көп емес - 20 мың теңге, бірақ бұл да ақша. Маған бұл жердегі жұмыс кестесі де қолайлы, күндіз сабағыма барамын.

Стройконтора ауданындағы кафелердің бірінен кәмелетке толмаған екі даяшы анықталды. Қыздар әуелі өздерін ересек адамдармыз деп, өтірік айтты. Бірақ дерекқордан олардың төлқұжат мәліметтерін іздестірген кезде, полицейлер екеуінің де жасы он жетіде екенін анықтады. Сол жерге келген даяшылардың бірінің анасы ескерту алды. Екіншісін кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберуге тура келді, өйткені оның айтуынша, анасы сол кезде басқа жаққа кетіп қалған екен. Ал кафе қожайынына айыппұл салынатын болады.

 

ТҮНГІ ТІРШІЛІК

Сонымен қатар, полицейлер түнгі жасөспірімдерді де ұстады. Біз тірек қосынына келген кезде 16-17 жастағы үш бозбала түнгі сағат 23-тен кейін көшеде жүргендері жөнінде түсініктеме жазып жатқан еді. Полицейлердің шақыртуымен келген ата-аналар балаларын участокқа алып кеткендігіне наразылық білдіріп, өздерін заң бұзушылар деп есептемеді. Ал жасөспірім сағат 23.00-ден сағат 6.00-ге дейінгі аралықта ересектерсіз үйден тыс жерде жүрген жағдай бірінші рет орын алса, ескерту беріледі. Ал ол жағдай қайталанған кезде ата-аналарға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

25 сәуір 2012, 21:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.