Атырау, 8 қазан 04:49
 ашықВ Атырау +21
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Келді де... атып кетті

3 620 просмотра

14 сәуір күні Авангард 4-ықшам ауданындағы «Ахмет ата» бейітінің жанында әйел адамға «Оса» травматикалық тапаншасынан оқ атылғандығын хабарлаған («Тосыннан атылған оқ», «ЖС», №16) болатынбыз. Біз Айкүміс АРОНОВАДАН (суретте) сол күні болған жағдай туралы айтып беруін өтіндік.

- 14 сәуір күні «Ахмет ата» бейітінің алдында таңертеңгісін әдеттегідей құран оқуға бардым. Дұғамды аяқтамастан, сол жерге бір машина келіп тоқтады. Ішінен көзілдірік киіп, бетін ақ матамен жапқан бір жігіт түсті де, маған қарап тұрып әлдене деп тіл қатты.Бастапқыда оның не дегенін түсіне алмадым. Сәлден соң бейтаныс жігітпен диалогымыз былайша өрбіді:

- Неғып отырсың, апа?

-  Құран оқып отырмын, айналайын.

- Қазір мен саған көрсетемін құран оқуды.

- Саған не істеппін, айналайын? Жөніңе кет, қарағым.

Осылай деп орнымнан тұра бергенім сол, бірдеңе тарс ете түсті. Шошып кеттім. Қарасам... ол мені атып үлгеріпті. Бәрі оқыстан болды. Сол мезетте жерге аунай құладым. Есімнен танып қалыппын. Мені ауруханаға апарғанмен, емделуден бас тарттым. Оқ тиген жер әлі ауырады.

- Ауруханаға жатудан неге бас тарттыңыз?

- Жоқ, ауруханаға мен жата алмаймын. Жүрек тартпайды.

- Сізді емшілікпен айналысады деп естідік.

- Иә, тас, карта ашамын. Құранмен емдеймін. Сынық саламын.

- Ахмет ата сізге кім болады?

- Осыдан он жылдай бұрын түсімде Ахмет ата өзін әке деп айт, кісі емде деп аян берді. Құран сөзін үйретті.

Мен атаның бейітіне  жалау (атаның белгі беруімен) ілдім. Жалауды әлденеше рет келіп қондырдым. Бәрін сындырып, қиратып кетеді. Мен қайтадан қойып кетемін.

Білетінім, Ахмет ата көзі тірісінде сынық салып, сондай-ақ, басқа да көптеген ауруларды емдеген ғой. Мен ол кісіні әке деймін. Бірақ, өзін көзі тірісінде көрген емеспін. Ол кезде біз баламыз ғой.  Өзім Құрманғазы ауданының Котяевка ауылында туып өстім. Бір ұл, бір қызым болған. Екеуі де ауырып қайтты. Жолдасым да өмірден өтіп кетті.

А. Ароноваға оқ атты деп айыпталған күдікті тұтқындалды. Оның өткен жылы 31 қазанда қалалық прокуратураның жанында өзін-өзі жарып жіберген Бауыржан Сұлтанғалиевтің жақын досы болғандығы жөнінде бейресми мәлімет бар. 

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

25 сәуір 2012, 21:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.