Батыс аймағының әскери прокуратурасының бастамасы бойынша ҚР Қорғаныс министрлігінің «Батыс» өңірлік қолбасшылығының штаб-пәтерінде діни экстремизммен және терроризммен күрес тақырыбына арналған кездесу болып өтті.
Акт залына Атырау облысының аумағына орналастырылған барлық бөлімшелердің 300-ден астам әскери қызметкерлері жиналды. Алдымен оларға өткен жылы діни экстремизмді насихаттағаны үшін ұзақ мерзімге сотталған Қазақстандағы сопылық ағымның көшбасшысы Исматолла ӘБДІҒАПАРОВ пен Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры Саят ИБРАЕВ туралы «Ақиқат» деп аталатын фильм көрсетілді.
Атап айтқанда, фильмде кезінде осы қайраткерлердің елді аралап, биліктің салғырттығынан түрлі мекемелерде, соның ішінде әскери бөлімшелерге уағыздар жүргізгені айтылған. Фильмнен кейін Батыс аймағының әскери прокуроры Талғат БЕКБЕРГЕНОВ былай деп мәлімдеді:
– Діни секталарға алдап әкелетіндердің қандай шешен екенін өздеріңіз көрдіңіздер. Олардың адамдардың санасын улауына жол бермеу керек. Егер кімде-кім жеке құраммен қандай да болмасын тақырыпта дәрістер өткіземіз деп сұранатын болса, командирлер шараларды мемлекеттік қауіпсіздік органдарына мақұлдатуы тиіс.
Облыстық діни мәселелер жөніндегі департаменттің маманы Атабай МЕДЕТОВ (суретте) сарбаз формасындағы жастарға «нағыз шынайы ислам» деген атты жамылып, шыдамсыздық пен кісі өлтіруді насихаттайтын жандарға сенуге болмайтындығын айтып жеткізді:
- Жер бетіндегі бірде-бір дін терроризмді, кінәсіз жандарды өлтіруді құптамайды. Құранда бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен тең деген аят бар.
Атырау облыстық ҰҚКД қызметкері Қайрат ИЛЬЯСОВ өткен жылы Атырауда жүргізілген қамау жұмыстары мен жарылыстар туралы еске алды. Оның айтуынша, экстремистер әскери нысандарға да көз тіккен екен:
– Олар сарбаздармен «достық» әңгіме-дүкен құрып, 2016-шы әскери бөлімше туралы да ақпарат жинаған. Бізге шекарашылардың бірінің артық нәрселерді айтып қойғаны белгілі болды. Сондықтан берген анттарыңызды ұмытпай, әскери құпияны сақтаңыздар.
Содан кейін әскери прокурор сұрақтар қоюды ұсынды. Көрсетілген фильм де, кездесуге қатысушылардың сөздері де сарбаздардың қызығушылықтарын оятқанын айта кету керек. Тақырып жөнінде сыбырласып отырған олардың сұрақтары бар екені сезілді. Алайда (бәлкім, қатал комитет қызметкерінің сөзі әсер еткен шығар) ешкім сұрақ қоймады.
Алдағы уақытта әскери қызметкерлермен осындай кездесулерді жиі ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Сәния ТОЙКЕН, суретті түсірген автор