Табиғат қойнауында немесе полицияда, тіпті, сол прокуратураның өзінде жоғалып кеткен 25 келі қара уылдырық жөніндегі істің («Уылдырық қайда кетті?» өткен нөмірден қараңыз) құжаттары ақыры табылды, ол туралы облыстық прокуратура баспасөз-релизін таратты.
Баспасөз-релизінде былай делінген: «ҰҚКД қызметкерлері 2012 жылдың 14 сәуірінде пәтерлерінен 50 банкі уылдырық пен бекіре тұқымдас балықтар табылып, тәркіленген Ресей Федерациясының 2 азаматын ұстады. Уылдырықтың жалпы салмағы ыдыссыз есептегенде 25 келі 200 грамды құрады».
Сондай-ақ, тағы бір фактіні алға тартып отыр: «20 сәуірде Исатай ауданының Зейнеден поселкесінде бір үйдің ауласынан жалпы салмағы 250 келі болатын бекіре тұқымдас балықтар және 17 келі қара уылдырық табылған.
Бүгінгі күні жоғарыда аталған фактілер бойынша тергеуге дейінгі тексерулер жүргізіліп жатыр, осы тексерулердің қорытындысымен ҚР ҚК 183 («Балық өнімдерінің заңсыз айналымы») және 287 («Браконьерлік») – баптары бойынша қылмыстық іс көтеру туралы мәселе шешілетін болады.
Сәния ТОЙКЕН