Атырау мұнай және газ институтында Қазақстанды Солтүстік Америка құрлығына орналастырған «Тәуелсіздік күні» деген плакат ілініп тұр.
Плакат АМжГИ-ның «Құрылыс» кафедрасының меңгерушісі Макс БИСЕНҒАЛИЕВТІҢ кабинетінің жанына ілінген. Айтпақшы, оның аты-жөні жазылған маңдайша қате жасалған дизайнның салдарынан есік жақты емес, осы географиялық сорақылықты меңзеп тұр.
Шамасы, осынау картографиялық туындыға институттағылар еш қымсынбайтын секілді. Ол Тәуелсіздік күні мерекесінен бері, яғни, желтоқсаннан бері ілініп тұр-ау, сірә.
Студенттердің бірі осы плакаттың суретін ғаламтордағы әлеуметтік желілерге орналастырыпты. Әнұран мен туға қатысты келемеж оқиғалар енді республиканың географиялық орналасуына қатысты жаңа саяси даумен толықты.
Енді бұл насихат материалының қайдан келгенін және ел бойынша қанша таралыммен таралғанын болжау ғана қалып отыр.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ