Атырау, 10 желтоқсан 22:24
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Құрманғазыға комиссия келеді

1 910 просмотра

Ұзаққа созылған әрі қатты болған өткен қыстың жылыту маусымынан алған сабақтар облыстық әкімдіктің кеңесінде талқыланды.

Облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрлан КЕНЖЕБЕКОВТІҢ айтуынша, маусым дайындығына 2 млрд-тан астам теңге бөлінген. Бүкіл сома, оның пікірінше, толығымен және уақытында игерілген. Дегенмен де, қатты аязды күндері коммуникация желілерінде 82 апат орын алған. Басым бөлігі аудандарда, әсіресе Жылыой мен Мақат аудандарында болған. Атырауда негізінен жеке сектор зардап шегіп, суықтың салдарынан су құбыры желілерінің бойы мен канализация қатып қалған.

Облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ апат болған желілердің (су, газ, жылу) тұрбаларын ауыстыруға мердігерлерді мәжбүрлеу керектігін айтты:

- Апаттар сапасы нашар жерлерде орын алады. Демек, қайта жасау керек. Олардың біздің алдымызда кепілдік міндеттері бар.

Қатысып отырған мердігер компаниялар өкілдерінің бірде-бірі әкімге қарсы келмеді.

4 аудандағы 10 нысанды келесі жылыту маусымына дайындау барысында 120 млн теңге бөлінетін болады. Атырау ЖЭО-да 2 қазандық пен 2 тұрба агрегаттарын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВ әбден тозығы жеткен Ескене-Байшонас су таратқышын жөндеу туралы:

- Ол келесі қысқа шыдамайды, -деп мәселе қойды.

Б. Рысқалиевтің айтуынша, оған жөндеу жасалады:

- Қазір біз ҚМГ басшылығымен және үкіметпен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Тіпті көшіру туралы мәселе шешілсе де, ол келесі жылдан бұрын болмайды. Адамдарды сусыз қалдырмаймыз.

Қазір Құрманғазы мен Қызылқоға аудандарының 17 әлеуметтік нысандарын сұйық отыннан газға көшіру, сол жердегі апатты қазандықтар мен жылу тораптарын ауыстыру шығындары есептелуде. Айтпақшы, Құрманғазы ауданына кешікпей президент әкімшілігінен комиссия келмек. Оған себеп - Құрманғазы ауданы осымен екінші жыл қатарынан аудандық әкімдіктердің республикалық рейтингісінде төменгі орын алған екен.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

25 сәуір 2012, 18:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.