Атырау, 24 қараша 08:28
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Безгек шекараға аяқ басты

2 148 просмотра

19 сәуірде «Атырау» отелінің конференц-залында трансшекаралық инфекциялардың проблемасын талқыға салған астрахандық және атыраулық эпидемиологтардың кездесуі болып өтті.

Атырау облыстық Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті директорының орынбасары Ерболат УАИСОВ әріптестеріне оба мен құтыру індеті бойынша ахуалды сипаттап берді. Соңғы 25 жылда Қызылқоға, Жылыой, Махамбет, Индер және Исатай аудандарында адамдардың обаға шалдыққан 8 жағдайы тіркелген. 1992 жылы Атырауда болған оқиғаның бірі тасымал арқылы орын алған. 1997 жыл мен 2004 жыл аралығында обаның ошақтары бар екендігін ғалымдар зертхана түрінде 187 рет растаған. Алайда соңғы жылдары оба ошақтарының белсенділігі күрт төмендегені байқалады. 2004 жылдан бастап бірде -  бір оң сынама алынбаған.

Е. Уаисовтың айтуынша, соңғы 40 жылда облыс бойынша адамдар құтыру ауруына шалдыққан 17 жағдай тіркелген. Жиі орын алатын жер Ресеймен шекаралас жатқан Құрманғазы ауданы боп табылады (9).  Соңғы оқиға 2010 жылы осы ауданнан тіркелген.

Алайда талқылаудағы басты тақырып – қырым қанды безгегінің таралу проблемасы болды. Уаисов ғалымдардың Атырау облысында қырым қанды безгегінің табиғи ошақтары пайда болғанын жоққа шығармайтынын, өйткені, осынау ауыр індетті тарататын кенелердің жекелеген учаскелерде бар екендігін мәлімдеді.

- Біз кене шаққан адамдарды және түсініксіз этиологиядағы безгекпен ауырғандардың барлығын зерттейміз. 2009-2011 жылдар ішінде осындай 2 мыңдай анализдер жасадық. Бірақ қырым қанды безгегіне оң сынама болған жоқ. Бұдан шығатын қорытынды - бізде облыс аумағында қырым қанды безгегі бар деген қандай да болмасын объективті мәліметтер жоқ.

Дегенмен де, Астрахан облыстық адам құқықтары мен саулығын қорғау жөніндегі Федералдық қызметтің аумақтық басқармасының өкілі Наталья ТЕЛЬНОВА (суретте):

- Соңғы жылдары қырым қанды безгегінің табиғи ошағы бүкіл Оңтүстік Федералдық округ бойынша, соның ішінде сіздің аумақпен шекаралас жерлерде жанданды. 2005 жылы Астрахан облысында қырым қанды безгегінің 37 жағдайы тіркелді, онда бірнеше адам көз жұмды. Өткен жылы кісі өлімінсіз 10 жағдай тіркелді. Бірақ сақ болыңыздар, -деп, атыраулық әріптестеріне ескертіп қойды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

25 сәуір 2012, 19:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.