Атырау, 28 қараша 07:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

47-нің соты

2 329 просмотра

18 сәуірде Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында терроризмге қатысы бар деп айыпталған 42 сотталушыға үкім шығарылды. Олардың барлығына да 5 жыл мен 15 жыл аралығында жалпы және қатаң режимде бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалды.

Бұл туралы үкім оқылғаннан кейін өткізілген баспасөз конференциясында облыстық прокуратураның тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Ғалымжан ҚҰЛМАНОВ хабарлады. Естеріңізге салсақ, соттың өзі жабық өткен болатын.

Прокуратура өкілі,сондай-ақ, журналистерге №2 қалалық сотының өткен жылдың 31 қазанында болған терактілерге (облыстық әкімдік ғимараты мен облыстық прокуратура маңындағы жарылыстар) айыпталған бес тұлғаға шығарған үкімі туралы хабарлады. Оларға жалпы режимдегі колонияда 6 жыл мен 12 жыл аралығындағы мерзімге үкім кесіліпті. №2 қалалық соттың үкімі 2 сәуірде шығарылғандығы анықталды, алайда оны тек қазір ғана мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен бірге жариялады.

- Бұл бесеуі ҚР Қылмыстық кодексінің 233-бабының бірнеше тармақтары бойынша («терроризм» – жарылғыш құрылғыларды дайындау, террористік топқа, террористік актілерге қатысу) сотталды, - деді Ғ. Құлманов.

Сол ҚР ҚК-нің 233-бабы 42 сотталушыға шығарылған үкімде сәл өзгеше түрде бой көрсетті: тероризмді насихаттау және қаржыландыру; террористік актілерді дайындау, соның ішінде мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне шабуыл жасау; атыс қаруын және жарылғыш заттарды заңсыз алу.

- Сотталғандар өз кінәларын толығымен мойындап, жасаған қылмыстары үшін шын көңілден өкініштерін білдірді, - деп мәлімдеді Ғ.Құлманов.

Сотталушылардың барлығы да 23 пен 34 жас аралығындағы жас жігіттер. Олардың ішінде Өзбекстан Республикасының екі азаматы бар, сондай-ақ, екеуі Қарағанды мен Ақтөбенің тұрғыны. Қалғандары Атырау облысынан.

Аяқталған сот ісі тек Атырау үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін қылмыс құрамы жағынан да, бір уақытта сотталғандар санынан да теңдесі жоқ сот процесі болды.

Әрине, журналистердің қояр сұрағы жетерлік еді, алайда, дайын баспасөз-релизін сыдыртып оқып шыққан облыстық прокуратураның өкілі сот залынан асығыс шығып кетті.

Сотталғандарды алып кетсе де, сот ғимаратының алдында олардың туысқандары көпке дейін тарқай қоймады.

- Біз сот үкімімен келіспейміз және оған шағымданатын боламыз. Адвокаттардан біз олардың өз кінәларын сотта мойындамағандарын білдік,- деді сол жердегі аналардың бірі.

Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

19 сәуір 2012, 14:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.