Көктемгі балық аулау маусымы аса қуантып отырған жоқ. Бұған Бугорки тартымында «Ракуша» өндірістік кооперативінің балықшы звеносының құрамымен ау тартқан «АЖ» тілшісі көз жеткізіп қайтты.
БАЛЫҚҚА КЕЛЕТІН ЖЕР ЖОҚ
Жайық өзенінде біздің облысымыздың шеңберінде 10 балық аулайтын жер бар, олар 9 балық аулау артельдеріне бекітіліп берілген. Бугорки тартымы - өзен сағасынан ең қашықтағы Атырау қаласынан ағыс бойынша жоғары орналасқан жер. Бұған барлық 8 балық аулау артелінің және мыңдаған браконьерлік торлардан аман қалған бірлі-жарым балық үйірлерінің қалдықтары ғана жетеді. «Ракуша» ӨК директоры Сырлыбай ҚОЖАМҰРАТ Жайық өзеніне балықтың келуі жыл өткен сайын азайып барады деп есептейді. Соңғы жылдары өзен бассейнінде су тайызданып кетті, сондықтан да балықтың теңізден өзенге уылдырық шашуы үшін кіру мүмкіндігі жоқ. Зарослый каналын жақында қазды, бірақ, әлі де негізгі сағаны бойлай орналасқан ондаған тармақтарды тазарту керек. Күзде балық жүретін каналдан жергілікті тұрғындар жаяу өтіп шығады. Астанадағы салалық комитет бұл проблеманы жақсы біледі, бірақ ешқандай шара алып отырған жоқ, өйткені оған да қаржы мәселесі кедергі келтіруде.
Звено жетекшісі Қабыл НҰҒМАНОВ (суретте) әңгімелейді:
- Өткен жылдың көктемінде біз тіптен, балық аулаған жоқпыз. Ал, күзде екі ай жарым уақыттың ішінде жылға берілген 900 тонна лимитпен 44 тонна ғана балық ауладық. 2010 жылы балық аулау маусымы мүлдем болған жоқ. Биылғы көктемде біз алғаш рет ау тартуды 4 сәуірге деп белгіледік, өйткені, өзендегі мұз өзен сағасындағы балық аулайтын жерлерге қарағанда, 3 күн кешігіп кетті. Мұз ерігенше барлық қаракөз де жүріп өтті. Бүгінгі күні біз 100 тонна балық аулап тастадық, оның басым бөлігі табан балық. Күнтізбе бойынша бізде 5 тартым күні бар. Егер сол күндерде кем дегенде 200 тонна балық аулап үлгермесек, онда бұл маусымда да табыс жоқ деп есептеуге болады.
МӘЛІК ЖӘНЕ СУ ПЕРІСІ
Біз фототілші екеуміз Бугоркиге түске таман келдік. Балықшылар жағалауда тамақ ішіп жатты. Біз ау тарту барысында өз көмегімізді ұсындық, балықшылар болса, оған мәз болды:
- Алдымен суға жеті тиын нияздарыңды тастаңдар, әйтпесе, қолдарың шықпайды.
Түскі ас кезінде балықшылардың наным-сенімдері мен аңыздар туралы әңгімелер қозғалды. Жігіттер су перілері туралы айта бастады. Мәлік есімді балықшы бұл аңыздардың бәрін жоққа шығарды: ол бірде екі апта бойына теңізде қайықпен бір өзі қалған, азығы таусылған, бірақ, аштықтан талықсыса да оның көзіне ешқандай да су перілері елестемеген.
Мәлік маған Бугорки тартымында ауға түскен балықтың нағыз өзен балығы екендігін түсіндірді. Ол өзенге күзде кіреді де, қыстап шығады, қыстаған кезде оның түсі ашықтанып, еті теңіз балығымен салыстырғанда дәмді бола бастайды. Оның айтуынша, өзен балығын теңіз балығынан қабыршақтарының түсі бойынша тіпті, кепкен кезде де ажыратуға болады екен.
СУ АСТЫ ПАРАШЮТТАРЫ
Түскі үзіліс аяқталды, енді жұмысқа кірісу керек. Балықшылар маған киінуге көмектесті. Қауіпсіздік техникасы бойынша алдымен батпаққа киетін етікті кию керек, одан кейін резеңке материалдан тігілген комбинезон киеді. Комбинезонның жоғарғы бөлігінің түймелерін бірін де қалдырмастан салып, бекітіп алу керек, егер қуатты жүкшығыр тартып бара жатқан торға оралсаң болды, бірден ана ауылдан бір шығасың. Ағыс бойымен 150 метрдей жоғарыда кішкене кеме жағалаудан серпе қозғалды. Оған кішкене ғана ау тиеген баржа жалғанған. Иретіле жиналған ау торларының суға жаймен қалай түсіп жатқандығын көресіз. Ол суда парашют секілді өзі жайылып түсе берді. Катер Жайық бойымен доғал жасап жүзеді де, жағалауға барып тоқтайды. Аудың шетін жүкшығырға байлайды.
- Сенің жұмысың босаған торды жинап, ондағы балықты тордың ортасына қарай сілку, - дейді маған бір жігіт. Жұмысты реттілікпен жасадық, мен де барынша тырысып бақтым. Артынша барлық ау-торлар жағалауға қарай тартылды, ал балық болса оның ортасында тірі күмістей болып азық қалтаға жиналған.
ЕРІКСІЗ ДЕМАЛЫС
- Бұл шамамен 800 келідей болады, – деді Қабыл Нұғманов. – негізінен табан. Көксерке мен сазан санаулы, тіпті, қаракөз де жоқ. Бұрынғы жылдарда ауды бір тартқанда 3-5 тонна балық шығаратынбыз. Ол кездерде демалу деген болмайтын. Ал, қазір балық аз да болса жиналсын деп 30 минуттай үзіліс беріп отыруға мәжбүрміз.
Балықшылар үлкен торлы дорбамен балықтарды алюмин жәшіктерге салды. Ол жәшік-терді жүк тиегіш жағалауда тұрған ГАЗ-53 машинасына тиеді. Балықшылар торларды тағы да иректетіп жаза бастады.
Бугорки қалалықтардың демалатын орнына да айналған. Өткен жылы осы балық аулайтын аймақта суға шомылып, айналасын қоқысқа толтырған демалушылармен арада жанжалдың туындағанын балықшылар жасырмады. Қазір ондай жанжалдар жоқ. Бұрын көктемгі балық аулау маусымы 25 мамырға дейін созылатын еді, сол кездерде жағалауға қаладан демалуға ондаған адамдар келетін. Биылғы маусым 25 сәуірде аяқталады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ,
Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ