Атырау, 26 желтоқсан 16:59
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Бала Ораздың болашағы бұлыңғыр

9 876 просмотра

Атырау-Орал трассасының бойында орналасқан  Бала Ораз елді мекені Махамбет ауданына қарайды. Бірақ ондағы 7 үйдің 56 тұрғынының біразы Ақтоғай, енді бір жартысы Сарытоғай иелігінде. Түсініксіз статистика, дегенмен бары осы.

ГАЗ ОРНЫНА ТЕЗЕК ЖАҒЫП

Ауылдың Бала Ораз аталуының ерекше мәні бар. Өткен ғасырларда ауыздыға сөз бермейтін, атағы дүйім елге жайылған айтыскер Ораз ақын болды. Оның зираты бұл ауылдан 25 шақырым жерде. Бұдан үш-төрт жыл бұрын ақынның есімі осы елді мекенге берілді.

Бүгінде Бала Ораз ауылының 7 үйі бір жерде шоғырланғанмен, оның бір бөлегі 10 шақырымдағы Ақтоғай селолық округіне, екінші бөлегі 3 шақырымдағы Сарытоғай селолық округіне қарайды. Бұл қойыртпақтың басы Кеңес үкіметі кезінде қалыптасып, жылдар өтсе де өзгеріссіз қалған. Елді мекен тұрғындарының әлеуметтік жағдайы да тұралаған. Маңызды проблемалардың бірі-газ тартудың жайы жиын сайын айтылғанымен, оны шешу жылдардың еншісінде қалып келеді.

-Үш шақырым жерде газ линиясы жатыр. Соны тарту қаншалықты қиын екенін білмедік. Газ болмаса отын табу күннен-күнге қиындауда. Амал жоқтықтан рұқсатсыз болса да елді- мекен тұрғындары жыңғылды тоғайдан дайындап жүр. Ол жыңғыл да сирексіді, көмір болса удай, тоннасы 12 мың теңге. Кемінде бір қысқа5 тонна көмір қажет. Малдың қиын дайындап алып жүрміз. 3 тонна судың бағасы 2 мың теңгеге дейін шарықтады,-дейді Серік-жан МОЛДАҒАЛИЕВ.

11 бала 3 шақырым жердегі Сарытоғай селосындағы Қ. Қалыбеков орта мектебіне жаяу қатынап оқиды. Үлкені жетінші сыныпта, қалғаны бастауыштың балдырғандары. Екі ауыл арасында ескі сүрлеу машина жолы бар. Қыста балалар айлап сабаққа бара алмаған. Ата-аналар балалары мектептен келгенше қорқыныштан арыла алмай отыратынын жасырмады.

 

МАЛ БАҒАТЫН ЖЕР ЖОҚ

Ауыл тек малмен күнелтіп отыр, соны сатады, жейді.

-Бара-бара мал өсіру де оңайға соқпайтын болар. Себебі, ауыл айналасын шаруа қожалықтары иеленіп болды, өріс тарылып барады,-дейді ауыл адамдары алаңдаулы кейіпте.

Бірер адам ауысымдық не-гізде жұмыс жасап жүр, дені жұмыссыз. Ақылы қоғамдық жұмыстың тізіміне енетіндер бар, ол да уақытша.

Ауылдағы жұмыссыз Аман-гүл Рахметованыңтірлігі басқаға ұқсамайды. Амангүл қысы-жазы көрпе дайындайды екен. Ұзатылатын қызына көрпе жасатып алуға тек Махамбеттен емес, Атыраудан да сұраныс түсіп тұрады.

 

ҮМІТ БАҒДАРЛАМАДА

Билік басындағылар Бала Ораз елді-мекенінің болашағы бұлыңғыр дейді. Әлеуметтік жағынан ақсаған ауылды көшіру жайы көтерілгенімен, Бала Ораз ауылының аты аталмайды. Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Ерлан ЖАҢАБАЕВ 2011-2015 жылдары ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеру бағдарламасына бұл ауылдың енбегенін  жасырған жоқ.

- Елді-мекен тұрғындары қалсіз емес, малдары баршылық,-дейді Ақтоғай селолық округінің әкімі Гүлайна ОРАЗҒАЛИЕВА.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА,

Суреттерді түсірген автор

18 сәуір 2012, 17:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.