Жайық-Каспий Орхусс орталығында « Ретке келтірілмеген еңбек миграциясы адам саудасына итермелеуі мүмкін» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
Миграция бойынша халықаралық ұйымның Қазақстандағы өкілі Аниса ҚУАНОВАНЫҢ айтуынша, жалпы Қазақстанда адам саудасы жөнінде 141 дерек тіркелген. Оның 16-сы - кәмелетке толмаған балаларды саудалау оқиғасы.
- Қытайда, Ресейде, Украинада, Малайзия елдерінде еңбек құлдығына түсіп қалған Қазақстан азаматтары болды, - дейді А. Қуанова
Облыстық ІІД көші-қон басқармасының заңсыз миграциямен күрес бөлімшесінің бастығы Болат ДОСҚАЛИЕВТІҢ айтуынша, Атырауға заңсыз миграциямен келетіндердің 99 пайызы Өзбекстан азаматтары. Соңғы екі айдың ішінде облысқа 8 104 Өзбекстан азаматы келген.
Атырау облыстық ІІД-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының өкілі Андрей ҚАРАБАСОВ өткен жылы адам саудасына, бірінші кезекте жезөкшелікке қатысты 6 қылмыстың әшкереленгенін атап өтті. 17 жезөкше және 2 жеңгетай есепке алынған.
Айнұр САПАРОВА