Атырау, 24 қараша 08:24
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ұстаздың ыстық ілтипаты

2 216 просмотра

Қазақ-түрік лицейінің оқушылары редакциямызға мерекелік шаралардың ұйымдастырушысы, ұлағатты ұстаз Сәния МОЛДАШЕВАҒА деген ілтипатын білдірген ерекше хат жолдапты. Қызығы мен шыжығы аралас мамандық өкілдері үшін шәкірттердің жылы лебізін естіп, шынайы сезімдеріне бөлену - зор бақыт. Оқушылар атынан пікір білдірген Ризуан Азаматтың жазуына көз жүгіртейік:

«Асыл ұстаз ақ тілеулі ана тәрізді, бұлақ көрсе, көзін ашып, шәкірті өзінен асып түссе, көңілі толып, өз өмірін өзгеге арнағаны үшін шаттанатын шалқар пейіл ел ұйытқысы.

...Ол оқушылар бойындағы өнерге деген ұшқынды жазбай танып, оны әрі қарай жетілдіруге тырысып, таланттарын дамытып, зердесіне өнегесін де тоқыта алды. Және, жүріс-тұрысы, істеген ісі, парасат-пайымы мен жан-жақтылығы арқылы шәкірттеріне үлгі болып жүрген ұстаз әрі өзінің тұла бойындағы таңғалдырар тамаша талантын лицейімізде білім алып жүрген шәкірттеріне жомарттықпен сыйлай білген мектебіміздің мәуелі бәйтерегі іспетті. Сол бәйтеректің көлеңкесін саялап жүрген біз ол кісінің еңбегін аса зор бағалаймыз. Өйткені, Сәния апай лицейіміз ашылған осынау жиырма жылдай уақытта өзінің еңбегімен, өзінің сабырлы мінезімен тамаша із қалдырды. Ол  - лицей сахнасына жаңашылдық алып келіп, қазақы тектілікпен ұштастыра білді. Әр мереке аясындағы іс-шарада тәрбиелік көрі-ністермен қоса, сатира жанрын да енгізіп, бәріміз-ге шаттық сыйлап, тәрбиені де санамызға сіңірді.

Апаймыз әр оқушымен жеке пікір алмасып, олардың да ойларымен әркез санасып, бәріне тең қарай біледі. Жалпы, айтқанда өнегелі ғұмырында қаншама шәкіртін сахна сырын жетік меңгеруге баулыған, бойларына ізгілік шуағын дарыта білген Сәния апайымыз білім ордасында шәкірттерінің сүйіспеншілігіне, әріптестерінің құрметіне бөленіп, жаңа дәуірдің жаңа үрдісіне сай еңбек етуде».

Ұстазы жақсының ұстамы жақсы деген осы. Айта кету керек, Сәния Молдашева ер балалар тәрбиесіне ұлттық құндылықтарды енгізуге, ата-салтын, тарихын білуге, әдет-ғұрпын құрметтеуге, халықтық өнерді қадірлеуге жұмыстанып келеді. Ол бүгінде - ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Мейірімге толы мұғалімдер қатары көбейе берсін!

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

12 сәуір 2012, 00:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.