Сәуір айының басында жоспарланғандай Нұржан әкесімен бірге Алматыға «Ниссамед» клиникасына тағы да аттанып кетті. Бұл жерде оған үш рет ота жасалған болатын.
Нұржанның әкесі Жаңбырбай ӨРКЕШБАЕВ баласын операциядан кейін оңалу үшін клиникада қалдырып, үйіне қайта оралды:
– Өткен жолғыдай операция тағы да сәтті шықты. Нұржанның бетіндегі және мойынындағы әжімдерді алып тастады. Дәкесін 5 күннен кейін алуға уәде етіп отыр. Балам операцияны көтере білді, бірден тұрып, тамақ іше бастады.
Нұржанның әкесінің айтуынша,баласын операциядан кейін көптеген жағымды істер күтіп тұрған көрінеді: жаңа пәтерге қоныстану және жоғары оқу орнына құжат тапсырмақ. Қызылқоға ауданының Мұқыр селосының 20 жастағы тұрғыны бала кезінен прогерией (терінің уақытынан бұрын қартаюы) сырқатымен ауырғандығы естеріңізде болар. Өткен жылдың желтоқсанында «Ниссамед» клиникасында 2 кезеңді кешенді косметологиялық операция жасалған болатын. Осы операциялардан кейін Нұржан айтарлықтай «жасарды». Клиника дәрігерлері сыртқы қартаюдан басқа Нұржанның ағзасында ешқандай өзгерістердің жоқтығына сендірді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА