Атырау, 23 қараша 23:16
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Даладағы дүбір

2 172 просмотра

Көктем келгелі жылыойлық Ізінғали ҚАРАБАЛИЕВ үшін нағыз қарбалас шақ басталды. Нағашысы Талғат екеуі қалың киініп, тозығы жеткен тракторлардың бөлшектерін жаңасына алмастыру үшін күні бойы темір тұлпармен «алысып жатқаны».

Асықпаса болмайды. Бірер күнде жер жырту жүрмекші. Содан тым-тырыс жатқан Құлсарыдан 30 шақырымдағы «Жанай» қырлығында дала дүбірі басталады кеп. Осыдан жиын-терін біткенше Қарабалиевтар отбасы сол қырлықты уақытша мекендейді. Жер үйлері бар. Бұған балалар да бой үйретіп қалған. Сол күнді бәрі асыға күтіп жүр.

«Жанайда» 14-ші көктемдерін қарсы алған Қарабалиевтар Жылыойдан шыққан тұңғыш егін салушы десе болады. Бұдан бірнеше жыл бұрын Жемнің бойы тартылып қалғаннан кейін жергілікті егіншілер бұл кәсіпті мүлдем тастап кетті. Осы Ізінғали қорқасоқтап далаға түрен салғанда не болар екен деген сынаушылар көп болды. Бастапқыда табыстан гөрі шығынға белшесінен батқан Ізінғали мен нағашысы Талғат екеуі алған беттерінен қайтпады. Бір жығылып, бір тұрған өмір күресінен қаймықпағандар осы кәсіпті терең меңгеруге бел буған. Жылдармен қосыла тәжірибе де жинақтады.  Агроном мамандар бұл өңірге тек жоңышқа шөбінен басқа өспейді деген пікірді де жоққа шығарды.

-Картоп шықпады, қауын, қарбыз, көкөністерді егіп шығаруға болатынына көз жеткіздік. Отбасындағы табыс осы егінмен өлшенеді, сондықтан жыл он екі айда тыным таппаймыз. Қыста техниканың керек-жарақтары, қажетті тұқымды алу үшін жұмыстанамыз. Егістік үнемі пайдаға шыға бермейді, бірақ мен осы кәсіпке мүлдем мойынұсындым,-дейді Ізінғали Қарабалиев.

Биыл Қарабалиевтар 30 гектарға бау-бақша егуді жоспарлап отыр. Тамшылатып суаруды қолға алу келесі жылға қалыпты.

Негізі жылыойлық егіншілер Жем өзеніне тәуелді. Өткен жылы жоғарыдан келген қар суы мол болды, биыл да солай болады деп күтілуде.

-Сол қасқалдақтың қанындай болған табиғи суды бөгеп, жинап алатындай мүмкіндік жоқ. Жемнің суы сарқылса егін өсірем деу бекер. Бақашы бөгеті туралы айтыла-айтыла жауыр болды. Бөгет салынбай егіншілерге жарық күн жоқ. Тәуекелмен егін егем деу мүмкін емес нәрсе, сусыз ну болмайды ғой,-деген Ізінғалидың сөзі ой саларлықтай.

Ізінғали алдағы уақытта жылыжайлар салып, тамшылатып суару  әдісін де қолданбақшы. Ол  бәрін өз күшімен атқаруға бекем  бел буып отыр, несиеге үміт артқысы келмейді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

11 сәуір 2012, 17:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.