Атырау, 24 қараша 07:24
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Келісім-шарттағы кілтипан

2 210 просмотра

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Атырау филиалының салымшылары тұрғын үй бағасының өсімімен келісе алмайды. Бұрын аталмыш банк ұсынған баспананың 1 шаршы метрі 90 000 теңге болса, 1 қаңтардан бастап бұл баға - 112 500 теңгені құрады. Ал банк пен салымшылардың арасында жасалған келісім-шартта пәтердің 1 шаршы метрінің бағасы көрсетілмеген. 

Алдымен салымшылардың өзіне  сөз берейік. Олардың қай-қайсысы да банк ұсынған төменгі пайыздың  қызығушылық туғызғанын жасырмайды.

Ақжүрек  ҚАЗМАҒАМБЕТОВА (аты - жөні өзгертіліп алынды – А.С.):

- Мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» келісім-шартқа 2010 жылы отырдым. «Бастау» бағдарламасы бойынша 80 шаршы метрлік 3 пәтерлі бөлмеге 7 млн теңгедей жинауым керек болды. Сонда бағдарлама бойынша 39 айда 50% жинауым қажет. Бұрын  ай сайын 86 500 теңге төлеп тұрдым.  Жақында бұл бағаның 112 500 теңге болып өскенін білдім. Келісім-шартымды қайта қарасам, онда шаршы метр бағасы жайында жазылмаған екен. Бірақ, онда жинақтау сомасы көрсетілген. Ал тұрғын үй бағдарламасы үкіметпен бірге бекітілген болса, бағаны неге шарықтата береді?

Алексей САДЧИКОВ

-Менің келісім-шартымда шарттық сома - 4 210 670 теңге деп белгіленген. «Кемел» бағдарламасы бойынша ол соманың 50 пайызын 102 айдың ішінде жинап болуымыз керек. Тұрғын үй заемінің мерзімі 15 жылға есептелген. Енді бағаның өсуіне байланысты біз жинақтайтын пәтердің құны 7 млн. теңгеге шығып кетеді. Мен келісім-шартымды бұзбақшымын. Себебі, баға өсіп жатқасын, тиісті соманы жинақтай алмаймын.

 «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Атырау филиалының директоры Марат БҰҚТЫБАЕВ үкіметтің қаулысына қарсы ештеңе айта алмайтынын айтып, ақталды.

- Үкімет бекіткен қаулы бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ұсынатынпәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы Қазақстан бойынша Алматы қаласында 140 мың теңге болса, Астана мен Ақтау, Атырау мен Өскемен қалаларында - 112 500 теңгені құрап отыр. Бағаның қымбаттап кеткенін кім жақсы көрсін? Бірақ, Атыраудағы нарық бағасымен салыстырып қарағанда, қымбат деп айтуға да болмайды, -дейді Марат Қайырғалиұлы. – Қазір қарасақ, коммерциялық баcпана ретінде салынып жатқан үйлердің 1 шаршы метрі 1200 доллар, яғни, бұл 177 мың теңге деген сөз. Қазір біздің бір клиентіміз осы бағаға үйді толық бітпеген күйде  сатып алғалы жатыр. Ал біздің банк үйлерді толықтай дайын күйінде ұсынады.

Оның айтуынша, қазір банктің әр санат бойынша есепшотын аштырған 8000 салымшысы бар. Олардың барлығы бірдей Қазақстанның Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігі мен жергілікті атқарушы органдары және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арасындағы 2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасына қатысып, пәтерлі болуды көздеп отырған жоқ. Себебі, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» тұрғын үй заемдары түрлі мақсаттарға қарастырылған. Атап айтсақ, тұрғын үй сатып алу және жөндеу, үй салу, жер телімін сатып алу, тұрғын үйді айырбастау және жаңарту, ипотекалық кредитті анағұрлым арзан заеммен өтеу, бар қаражатты тиімді орналастыру, ипотекалық кредит алу үшін бастапқы капитал жинау.

Айтпақшы, былтыр бұл банк арқылы Атырауда 120 пәтер бөлінген. Биыл 180 пәтер берілмекші.

 

Деректер не дейді?

Статистикалық деректерге сүйенсек, Атырау қаласында 2012 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіш-терге сәйкес, қайталама нарықтағы тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 103 мың теңгеден 180 мың теңгені құрайды. Біздің оқырмандарымыз жылжымайтын мүлік нарығындағы ахуалмен 2012 жылдың қаңтар айында жасалған облыстық статистика басқармасының зерттеу кестесінің көмегімен таныса алады.

АйнұрСАПАРОВА,

суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

11 сәуір 2012, 17:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.