Атырау, 11 желтоқсан 20:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Үміт оты жылт етті

2 371 просмотра

Бірнеше жыл бойына ерлі-зайыпты Сәуле БАПАЕВА мен Нұрлан АШЫҚБАЕВ 2008 жылы Жылыой перзентханасында дүниеге келіп, дәрігерлер өлі туды деген қыздарының шын мәнінде тірі екендігін және мұның бала ұрлау екендігін дәлелдеуге тырысып келеді (16.02.2012  жылғы «АЖ» №7 қараңыз – «6 томдық ic және жоғалған бала»). Өткен жылдың қараша айында сансыз сараптама жұмыстарынан кейін қылмыстық іс тоқтатылды. Алайда ерлі-зайыптылар прокуратураға жүгінгеннен кейін тергеу ісі қайта жалғасқан болатын.

Таяу арада ерлі-зайыптылар Атырау облыстық прокуратурасынан облыс прокуроры Сайфолла КЕМАЛОВ қол қойған хат алыпты. Онда қазіргі кезде тергеу жұмыстарының туылғаннан кейін сәбиді ауыстыру мүмкін екендігі туралы жорамалды тексеріп жатқандығы айтылған. Осыған байланысты Сәуле Бапаевамен қатар, сол перзентханада босанған әйелдің жеке басы анықталыпты. Сол әйелден және оның қыздарынан сынама алынып, сот молекулярлық-генетикалық сараптама тағайындалған. Бұдан басқа, тергеуші 2008 жылы Бапаеваның туысқандарына сәбидің мүрдесін шығарып берген мүрдехана санитаркасы мен жылыойлық паталогоанатомнан қайтадан жауап алыпты.

Хатта қазіргі кезде осы іс бойынша басқа тергеу және іздестіру шаралары алынып жатқандығы айтылған.

Бұдан басқа, сараптамаға алынған балалардың сүйегі (эксгумациялаған бала денесі мен мүрдені сою үшін жылыойлық паталогоанатом алған ішкі ағзаның фрагменттері) екі түрлі баланікі деген күдік бойынша ерлі-зайыптылардың бастамасымен қайта жасалған сараптаманың қорытындысы белгілі болды. Біздің қолымызда Атырау облыстық ғылыми-өндірістік сот сараптама зертханасының Сот сараптама орталығының 2012 жылғы 20 наурыздағы қорытындысы бар.

Сарапшылар қорытындысы ерлі-зайыптылардың күдігін растады:

- С. Бапаеваның туысқандары жерлеген өлі туған сәбидің денесі мен Жылыой ауданының паталогоанатомы К. СМАҒҰЛОВТЫҢ мүрдені сою үшін 2008 жылы 16 ақпанда алған балауыз блогындағы мүрде материалының екеуі де ер жынысты, бір-бірінен айырмашылығы бар, яғни, екі түрлі адамға тиесілі, - делінген сарапшы А. ЕРЕКЕШЕВА қол қойған қорытындыда.

Осылайша, Сәуле Бапаеваның қызым тірі және ауыстырылған деген үміті негізді болып шықты. Ал Жылыой перзентханасына осыншама өлі «иесіз» сәбилер қайдан келген?

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

11 сәуір 2012, 16:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.