Атырау, 10 желтоқсан 11:20
 бұлттыВ Атырау -3
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Жүкшінің жұмбақ өлімі

3 862 просмотра

Осы жылғы 6 ақпан күні «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиалының Атырау станциясында бақытсыз жағдай орын алды. Қалаға келген тауар вагонындағы жүктерді тиеп-түсіріп жүрген 25 жастағы Руслан САРУЗИНОВТЫҢ басына салмағы 250 келілік трансформатор құлады. Жігіт ауруханаға жеткізілгенде көз жұмды.  

- Менің үйімеАтырау жүк бөлімшесінің өкілдері Русланның қазасына көңіл айтып келді және марқұмның рухын мазалап қажет емес, біз оның отбасына өзіміз көмектесеміз дегенге келтіріп, арыз жазбауымызды өтінді,-дейді Русланның қайын атасы Раушан ДОСҚАЛИЕВ. – Бірақ, мен бұл істі тексеріп, кінәлілерді жазалау керек деп есептеймін. Себебі, станцияда техникалық қауіпсіздік мүлдем сақталмайды және қайғылы оқиғаның қайталанбайтынына ешқандай да кепілдік жоқ.

Руслан жұмыс кезінде алған жарақаттан жан тәсілім етсе де, оның отбасына ешқандай да өндірістік өтемақы әлі күнге дейін төленбеген.  

Атырау жүк бөлімшесінің меңгерушісі Серік ПРИМЖАРОВ болса,бұл жердекінә-лілержоқ және Сарузинов төтенше жағдай орын алғанда, көтерме жұмыспен айналысқан оны сол кезде әлдебір адамдар вагоннан жүктерін түсірту үшін жалдаған деп отыр. Ал ең таңқаларлығы: Атырау станциясының жүк бөлімшесінде 5 жылға жуық жүкші болып жұмыс істеген Русланда және өзімен бірге жұмыс істеген жеті жолдасында да бөлімшемен арада жасалған ешбір ресми еңбек келісім-шарты мүлдем болмаған.  Оны желілік ішкі істер бөлімінің сұранысы бойынша облыстық еңбек департаментінің тексеру жұмысы анықтады. 

- Оның еңбек келісім-шарты жоқ, ал мұндай жағдайда біздің қолымыздан ештеңе келмейді, - дейдідепартамент директоры Темір ЕСТЕБАЕВ. Алайда, адамдардың жылдар бойы еңбек келісім-шартынсыз жұмыс істеуінің өзі өрескел заң бұзушылық болып саналмай ма?

Бұл ауыр жағдайдың тағы бір тұсы бар. Анарбек ӘБІШЕВ әңгімелейді:

- Бұл оқиға орын алғанда біз Русланның жанында болдық. Қатты зақым алған ол әлі де тірі болатын. Оны бірден жақын маңдағы теміржол ауруханасына апардық. Бірақ, қабылдау бөлімінің кезекшісі оны облыстық ауруханаға апарыңдар деп, қабылдаудан бас тартты. Ал біз облыстық ауруханаға келгенде, Руслан үзіліп кетті.

Атырау теміржол ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Серік ДОСЖАНОВ бірден-ақ, 6 ақпан күні Руслан Сарузинов деген адамды ешкімнің де әкелмегенін мәлім етті.  

- Біз теміржол маңында орын алған оқиға салдарынан жарақаттанған адамдардың бәрін қабылдаймыз. Біз Төтенше жағдайлар департаментінің құзырында болғандықтан, төтенше оқиғаларға қатысты зардап шеккендердің бәрін қабылдауға міндеттіміз, - дейді С.Досжанов.

Р.Сарузиновтың өліміне қатысты іспен қазір Атырау көлік прокуратурасымен бірге Атырау станциясының желілік ішкі істер бөлімі айналысып, тергеу алды жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атырау көлік прокурорының аға көмекшісі Нұрлыбек ОРЫНБАЙҰЛЫ мен Атырау станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің тергеушісі Әнуар ЖАНАЕВ та әзірге нақты ештеңе айта алмай отыр. 

...Русланның артында үш баласы мен жары қалды. Кенже қызы әкесі өмірден озған соң, жақында ғана дүниеге келген болатын. 

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

5 сәуір 2012, 16:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.