Атырау, 28 қараша 07:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Елшілерді инвестициялық климат елеңдетеді

2 435 просмотра

Сейсенбі күні, 3 сәуірде «Атырау» спорт кешенінде 11-ші «Атырау Мұнай және Газ» Солтүстік-Каспий аймақтық көрмесі ашылды.

Көрмеге Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Қытай, Латвия, Литва, Ресей, Румыния, Әзірбайжан, АҚШ және т.б. 15 елден 140 компания қатысты. Ұйымдастырушылар көрмеге қатысушылар саны отандық компаниялар есебінен екі есеге көбейгенін растап отыр. Алайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ: «Бұл көрмеге атыраулық қанша компания қатысып отыр?» деп сұрағанда, ұйымдастырушылар бар болғаны үш: «АтырауНефтеМаш», «Эко-сервис» және «ЛогикаМұнай» компанияларын атады. Содан соң көрмеге үнемі ресейлік компаниялардың зор қызығушылық білдіретіндігін, көрмеге қатысушылардың 30 пайызы ресейліктер екенін атап өтті.

– Неліктен жергілікті компаниялар аз қатысады? Оларға өздерін көрсету үшін мүмкіндік беру керек, - деді бұған қатысты Б. Дәукенов.

Аймақтың инвестициялық тартымдылығын атап өткен әкім орынбасары салық, кедендік және басқа да жеңілдіктері бар арнайы құқықтық режим әрекет ететін «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технобағы» арнайы экономикалық аймағы (оның аумағында құны 6,3 млрд доллар тұратын интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы басталады – С.Т.) туралы айтты.

Бұл жаңалыққа әсіресе көрмеге қатысушы француздар қызығушылық білдірді. Француз компанияларының бірі - Ecoceane судың беткі қабатын мұнай төгінділері мен түрлі қатты қалдықтардан тазартатын экологиялық маңыздағы кемелерді жеткізумен айналысады. Бұл компанияның төрт кемесі Әзірбайжанда жұмыс істейді. Француздық өкілдердің айтуынша, демонстрация түрінде бір кеме көп кешікпей Баутинода болуы тиіс.

Сонымен қатар, «Ренессанс» мейманханасында 6-аймақтық мұнай-газ технологиялық конференциясы өз жұмысын бастады. Онда еліміздің шикізат секторына қатысты мәселелер қозғалды. Егер шетел өкілдерінің, атап айтқанда, Нидерланд, Франция, сондай-ақ Ұлыбритания елшілерінің сөйлеу екпінін қысқаша сипаттасақ, аймақтың инвестициялық тартымдылығының нашарлауына («Газ және газбен қамту туралы» заң еске алынды),  экономикадағы үкімет рөлінің күшейгендігіне, сондай-ақ, біріккен жобаларда жергілікті қамтылуды көбейту туралы билік талабына қатысты олардың алаңдаушылығы сезілді.

Конференцияға қатысушы облыс әкімінің инвестициялық мәселелер бойынша орынбасары Серік АЙДАРБЕКОВ Атыраудағы инвестициялық климаттың тек қана жақсаратынына сендіріп, меймандардың күмәнін сейілтуге асықты:

– Бұл бір қақпаға ұпай жинайтын ойын емес, біз тек өз мүддемізді ғана қорғамаймыз, өзара тиімді серіктестік шеңберінде әрекет ететін боламыз. Ешқандай шектеулер болмайды, біз өз тарапымыздан келіссөз жүргізуге дайынбыз.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА,

суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

5 сәуір 2012, 16:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.