Атырау, 24 қараша 06:41
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мұз үстіндегі жанжал

2 246 просмотра

18 наурызда Мұз сарайында жағымсыз оқиға орын алды.

Сол күні бұл жерге қала тұрғыны Ксения (суретте) ата-аналарымен бірге Ресейден қыдырып келген немере әпкесін ерте келді. Қыздар мұзға сырғанап, ал үлкендер пластик қоршаудың ар жағынан тамашалап отырды.

 

«КҮЛКІЛІ» НҰСҚАУШЫ

– Біз жас нұсқаушы жігіттің өзін оғаш ұстап жүргенін бірден байқадық, - деп әңгімелейді Ксения. – Ол балаларды ұстап алып, мұзға қарай лақтырып жүрді. Содан кейін бізге жақындап келіп, жарымес адамның сөз ырғағына салып, сырғанауды үйретуді өтінді. Біз оны елең қылған жоқпыз. Сол кезде ол бізді әлгі балалар секілді желкелеп алып, мұзға лақтырып жіберді. Мен тізем мен шынтағымды қатты соғып алдым, ал әпкем мұзда бетімен сырғанай жөнелді. Орнымыздан тұрған кезде нұсқаушының орнын сипап қалдық. Киім шешетін бөлмеде оның әкімші Динарамен әңгімелесіп тұрғанын көрдік. Кешірім сұраудың орнына ол әуелі әзілдедім деп күліп, содан соң біздің қалжыңдайтын жағдайда емес екенімізді көріп, ашуына мініп, балағат сөзбен боқтай жөнелді. Арқасынан алақаныммен жеңіл ғана соғып қалғанымда, бетімнен салып жіберді. Маған тәтейім араша түскен еді, нұсқаушы оны да балағаттап жіберді. Сол кезде полицияға шағымданатынымды айтқанда, мені ұрды деп қарсы шағым түсіретінін мәлімдеді. Келесі күні таңертең Мұз сарайының директорына бардым. Ол өз қызметкері үшін кешірім сұрап, мұның оның тарапына жасалған бірінші шағым емес екенін айтты. Мен директорға жазбаша шағым жазып, сол күні ҚІІБ-не арыз бердім. Мереке күні қарсаңында мені ҚІІБ-не шақырып, нұсқаушының шынымен де қарсы арыз бергенін тергеуші хабарлап, онымен татуласуға кеңес берді. Әрине, мен бас тарттым. Тағы бір жайт. Мұз сарайының қатардағы қызметкерлері де оның өзгеше мінез-құлқына шағымданыпты. Ал оны бұл жерде туысқаны жұмыс істейтін болғандықтан жұмыстан шығармай отыр дейді.

Әкімші Динара болған оқиғаға телефон арқылы түсінік берді:

– Олардың екеуінікі де дұрыс емес деп ойлаймын. Ол қыз келді де, бірден екпіндеп сөйлей бастады, содан соң оған металл орындықты лақтырып қалды. Ал ол да өз кезегінде ашуға мініп, әдепсіз сөздермен балағаттады.

– Бірақ сіздің нұсқаушы қыздарды мұзға бірінші боп итеріп жіберді ғой.

– Мен мұны көрген жоқпын.

– Ал сіз оның қыздың бетінен ұрғанын көрдіңіз бе?

– Жоқ.

 

БАСТЫСЫ, СЫРҒАНАУ КЕРЕК

– Ол бұл фактіні жоққа шығарады деп өзім де ойлап едім. Орындыққа келер болсақ, шынымен де оны ашуланып тұрғанда лақтырғым келді, бірақ ол ауыр екен, орнынан әзер қозғадым, - деп ақталды Ксения сол киім шешінетін бөлмеде.

Мұз сарайын сенімді басқаруына алған «Атырау барыстары» облыстық командасы» КМК директоры Болат МҰХАМБЕТҚАЛИЕВ әдепсіз жігітті жұмыстан шығырмақшы екенін мәлімдеді:

– Мен Ксениядан өз қызметкерім үшін кешірім сұрадым. Ал біз оны қызметтік тергеу кезінде жұмыстан шеттеттік. Әлі күнге дейін одан түсініктеме ала алмай отырмыз. Сол оқиғадан кейін ол жұмысқа келген жоқ.

– Нұсқаушыларды жұмысқа қабылдау кезіндегі іріктеу критерийлері қандай? Қалай дегенмен де олар біздің балаларымызбен жұмыс істейді ғой. Олар психологиялық тұрғыда лайықты екендіктері туралы анықтама және т.б. әкелуі тиіс емес пе?

– Ерекше критерийлер жоқ – бастысы, жақсы сырғанай білуі керек. 24 мың теңгеге жұмыс жасағысы келетін адам көп емес.

 

…АЛ ТАҢЕРТЕҢ ҰЙҚЫЛАРЫНАН ОЯНДЫ

Осы хикаяның басты «кейіп-кері» - нұсқаушы А-ның үйіне қоңырау шалдым. Оның өзі үйінде жоқ боп шықты, маған оның кері қоңырау шалуын өтіндім. Ол шынымен де қоңырау шалды:

– Әлгі маған үйіме телефон соққан … (балағат сөз) қайда? Оған не керек өзі? – деп айқай салды ол тұтқаны көтерген кабинеттегі әріптесіме.

– Солардың бастары ауырады-ау деймін! – деді ол кезекті балағат сөздерін тоғытып болғаннан кейін. – Мен олардың бәрін отырғызам! Бәрін дәлелдей аламын, оның маған темір орындықты қалай лақтырғаны түсірілген бейнекамера жазбасы бар (Б. Мұхамбетқалиевтің айтуынша, шешінетін бөлмеде бақылау камерасы жоқ – Л. С.).

– Бірақ сіз оны бірінші итеріп жібердіңіз ғой? Содан соң сіз үнемі осылай балағат сөздермен сөйлейсіз бе?

– Ол кезде мен мұзда болған жоқпын. Менің үзіліс кезім болатын. Бұған бүкіл қызметкер куә бола алады. Ал ол бәрін шатастырып алған. Ол шектен шығып, ашуын тежей алмады. Бірақ мен оны отырғызам. Иә, мен осылай сөйлеймін. Қандай проблема? Ал сізге, егер жазсаңыз, үлкен жанжал шығарамын, прокуратура мен қалалық ішкі істер бөліміне шағымданамын. Қысқасы, мені түсіндіңіз ғой! – деп, тұтқаны лақтыра салды.

Рас, келесі күні таңертең ол редакцияға келіп, кешегі әңгімесі мен қатты сөйлегені үшін кешірім сұрады.

– Бірақ менікі дұрыс екенін айтқым келеді. Мұның бәрі сол жерде бухгалтер боп жұмыс істейтін анаммен әлденені бөлісе алмай жүрген директордың тіміскі әрекеті. Ал жалпы бұл туралы ештеңе жазбаңыз. Қажеті жоқ.

– Директорыңыз сіздің туысқаныңыз туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ қой.

– Жоқ, ол мені әдейі аяқтан шалып отыр. Білесіз бе, сол күні мен тағы біреуге банан лақтырыппын-мыс.

Айтпаса да түсінікті.

 

ІС СОТҚА ЖЕТКЕН ЖОҚ

Атырау қалалық ІІБ-гілер қазіргі кезде осы іс бойынша тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары жүріп жатқанын, соның нәтижесінде қылмыстық істі қозғау немесе оны әкімшілік сотқа беру туралы шешім қабылданатынын хабарлады.

Ал Ксения алған бетінен қайтар емес:

– Мен өз адвокатыммен кеңестім, аяғына дейін баруға бел буып отырмын. Бұл іс әкімшілік айыппұлмен аяқталатын шығар. Маған моралдық зиянды өтетудің қажеті жоқ, ал ол арсызды орнына қойғым келеді. Бәрінен бұрын ештеңе дәлелдей алмайсыңдар, маған түк те істей алмайсыңдар, байланыстарым мықты дегені ызамды келтірді. Оны алда көре жатармыз.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

29 наурыз 2012, 00:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.