Махамбет ауданының «Райхан» шаруа қожалығы 500 бас ірі қара үшін мал бордақылайтын кешен құруды жоспарлап отыр.
– Қазір біз техникалық-экономикалық негіздеме бойынша сараптамаға құжаттар тапсырып қойдық, оның қорытындысын күтіп отырмыз,- дейді шаруа қожалығының атқарушы директоры Сағидолла БӨЛЕКОВ. – Сонымен қатар әкімдікпен арада 3 000 гектар учаске бөлу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ол учаскенің біздің шаруашылықтың қазіргі базасынан алыста болмағанын қалаймыз. Жобаның жалпы құны – 313 млн теңге, шаруа қожалығы «Атырау» ӘКК тарапынан қаржылық қолдау күтіп отыр. Бәлкім, бұл мемлекеттік- жеке серіктестік болуы мүмкін.
С. Бөлековтің айтуынша, жобаның бірінші кезеңі бойынша сиыр қора, пішен сақтайтын орын және басқа да шаруашылық жайларының құрылысы жобаланып отыр.
Шаруа қожалығы Солтүстік Қазақстаннан қазақтың ақ бас сиырларын әкелуді жоспарлауда. Бұл малдың етті түрі. Мал азығын өндіру жоңышқа мен пішенге негізделген.
-Сонау бір кездердегі ірі мал азығын дайындайтын базадан қазір ештеңе қалған жоқ, - дейді фермер. – Сондықтан да мал азығы болатын шөптерді суару жүйесін өз қолымызбен жүргізетін боламыз.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА