Бейресми ақпарат көздерінен белгілі болғанындай, Ресей-Қазақстан шекарасында (ҚР Батыс Қазақстан облысы – РФ Орынбор облысы) 2000 жылдары Атырау қаласының әкімі және Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымдық қызметтерін атқарған, бүгінгі күні Аджип ККО компаниясындағы қазақстандық өкілдік қызметкері Сәлімжан НАҚПАЕВ (суретте) ұсталды.
- Наурыздың соңына қарай соттың арнайы қаулысы негізінде барлық бөлімшелерге таратылған бағыттама бойынша Сәлімжан Нақпаев ұсталды,- депАтырау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарова растады.
Бейресми дереккөздеріміз хабарлағандай, Сәлімжан Нақпаевқа қатысты сот процесі наурыздың 5-де №2 Атырау қалалық сотында басталған. Оны басқару тәртібіне қарсы қылмысы үшін айыптап отыр (ҚР ҚК 327-бабы «Өзінше билік ету»).
- Нақпаев екі мәрте сот отырысына келмеген. Оның денсаулығы және Қызылқоғадағы алыс туысының қазасы тәрізді келтірген себептері тексеру барысында дәлелін таппаған соң, мәжбүрлі түрде алып келу туралы 20 наурызда сот қаулысы шығарылған,-деп хабарлайды дерек көзіміз.
Оның айтуынша, қылмыстық іс әлдебір үлкен қаражатқа қатысты қозғалған. С.Нақпаевтың ісін судья Айгүл ҚАЛИМҰҚАШЕВА қарап жатыр. Сот процесі әлі аяқталған жоқ.
«АЖ» сайтындағы жазылған комментарийлер легі Сәлімжан Нақпаевтың билік тұтқасын ұстаған кезде – Жылыой, Мақат аудандарының, Атырау қаласының әкімі, сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары болған тұста халықтың үлкен құрметіне бөленген, беделді шенеуніктердің бірі болғанын танытады. Көптеген пікір білдірушілер билік басындағы шенді шенеуніктер арасындағы текетірес туралы да ой тастапты. Ол туралы құқық қорғау орындары сөз қозғауға сараң. Тіпті экс-шенеуніктің үш бірдей адвокаты Тамара ЖҰБАНЫШЕВА, Маусымжан ҚАРТБАЕВА, Гүлнәр ЖҰМАХАНОВАЛАР да айыпталушы туралы ақпар бере алмады.
Дегенмен, прокуратура қызметкерлерінің бірі С.Нақпаевтың ұсталуына қатысты өзінің ресми емес болжамын айтып салды: бұрынғы қала әкімі және облыс әкімінің құрылыс істері жөніндегі орынбасары болған кездегі қозғалған қылмыстық ісі аяқталып, сотқа жолданған. Сондықтан да ол басқа жаққа кетпеу туралы жазылған қолхатқа қарамастан елден кетуге тырысты. Сотта қылмыстық істің дәл қандай баптар бойынша қаралатындығын ақпарат көзі хабарлаудан бас тартты. Ал, мұны бұрынғы шенеунікті лауазымдық қызметтегі лайықсыз істері үшін айыптап жатыр деп болжам жасауға ғана болады.
Оның адвокаттарының бірі Гүлнәр Жұмаханова былай деп нақтылай түсті:
-«Өзінше билік ету» бабы оның мемлекеттік қызметте болуына ешқандай қатысы жоқ. Мен оның рұқсатынсыз бұдан артық ештеңе айта алмаймын және енді маған қоңырау шалмаңыз,- деді ол.
Шамасы, бұрынғы экс-шенеуніктің басына қара бұлт үйірілгенге ұқсайды.
Сәния ТОЙКЕН