Атырау, 31 қазан 12:54
 бұлттыВ Атырау +10
$ 488.45
€ 529.19
₽ 5.04

Анасын аялаған қыз

3 676 просмотра

- Жағдайың қалай? – деп сұраймын 15 жасар Данадан.

- Жақсы!

- Шаршамайсың ба?

- Жоға, бәрі жақсы!

Ол жақсымын деп жауап беруден танған емес.

Кейде менің бірнеше күн бойына жүре де алмай, сөйлей де алмай қалатын кездерім болады. Диванда сұлқ жатып, асүйде Дананың жылап отырғанын естимін. Сол кезде, Құдайдың өзі кешірсін, бәлкім, мен болмасам оған жеңіл болар ма еді деп ойлаймын, - дейді оның анасы Жанна ЕСМАҒАМБЕТОВА. Содан кейін:

- Мен дәрменім қалмаған соң айтамын ғой, осындай кездерде ештеңе де жасай алмай қалам, тіпті көзімді де аша алмаймын. Түрім сондай мүшкіл болады.

Шынымен де сырқаты ұстаған кезде науқастың жүзі адам танымастай өзгеріп кетеді екен.

 

ЗАРЫҒУ

Сырқаты 2009 жылдың жазында басталыпты. Жанна жатақханадағы бір бөлмені сатып алуға алған несиесінен енді ғана құтылған еді. Енді кәдімгі дұрыс үйдегі пәтерге көшу туралы армандауға болады. Енді ше? Ол өжет, мақсаткер жан, қолынан бәрі келеді. Ажырасып, Украинадан көшіп келгеннен кейін, қызымен бірге төрт жыл ішінде жаңа жерге бөгде біреудің көмегінсіз жаманды-жақсылы орналасып кетті. Ал бастапқыда тіпті бірнеше күн бойына вокзалда түнеп, содан кейін пәтер жалдап сандалып жүрген кездері болды. Жанна екі жұмысты қатар алып жүрді – бір жерде сатушы-кеңесші болса, екінші жерде қойма меңгерушісінің көмекшісі болды. Содан кейін автосалонға жұмысқа орналасты, ол жерде кузовты бояу цехы бөлімінің бастығына дейін көтерілді. Рас, күні бойы бояу мен бояу езгіш ерітіндінің иісімен тыныстауға тура келеді. Бәлкім, осының да әсері бар шығар, мүмкін, ағза мұндай жүкті көтере алмаған шығар. Ол көбірек табыс табу үшін – несиесін төлеп, қызы Дананы әлденемен қуанту үшін сырқатына байланысты күн алмауға да тырысып бақты. Бірақ бір күні таңертең денесі икемге көнбей, жап-жас әйел қолын да, аяғын да қозғалта алмай қалды, тіпті тілі күрмеліп, әрең сөйледі.

Содан соң ауруханалардың табалдырығын тоздырып, дәрігерден дәрігер қоймай қарала бастады. Оған инсульт деп те, инфаркт деп те, сал ауруы деп те диагноз қойды. Тек өткен қыста Астраханнан нақты диагнозын білді: үдемелі ағымдағы жалпыланған түрдегі миастения екен. Сол жыл өте ауыр болды, квота бойынша Алматыға барды. Оған тимоэктомия (айыр безін алып тастау) жасады. Операция кезінде проблемалар туындап, қан кетіп қалды. Қайтадан пышаққа түсуге тура келіп, жүрегіне операция жасады, өкпесінің бір бөлігін алып тастады. Үйіне тек екі айдан кейін ғана оралды. Тірі қалғанына әлі күнге дейін таңы бар.

 

АСЫРАУШЫСЫ - ДАНА

Ал Дана осы уақыт ішінде Атырауда болды. Оны ауруханаға бірге алып жата алмайды ғой, әрі баланы сабағынан қалдыруға да болмайды. Бастарына түскен бейнет 12 жасар қыз баланы ерте есеюге мәжбүр етті. Анасы ауруханада болған кезде, Дана үйінде жалғыз қалып жүрді. Анасының құрбылары барып тұрды, кейде солардың үйіне қонып қалатын, бірақ көбінесе өз үйінде қалып жүрді – жатақхана мен мектептің арасы қол созым жер еді. Жанна телефоныңды өзіңмен бірге алып жүр, бір жағдай бола қалса милицияға қоңырау шал деп айтудан жалықпады. Анасының мазасыздануы бекер емес еді. Жатақханада түрлі адамдар тұрады ғой. Ішіп алған көршілері олардың есіктерін талай рет сындырмақ та болған. Мүгедектің пәтерінен нені олжа еткілері келгені түсініксіз.

Дананың ағылшын тілінен репетиторы Виктория Андреевна, құрбылары оны алғаш сабаққа алып келгенде өте жайдары, ақжарқын қыз болған еді, деп есіне түсіреді. Ал содан кейін аяқ астынан өте салмақты, үнемі ойға шомып жүретін қызға айналыпты. Уақыт емші ме, әлде Дана есейген бе, қазір анағұрлым сабырлы күйге түскен. Тамақ дайындап, кір жуып, үй жинауды үйренді, анасына кез-келген күтушіден артық күтім жасап, тіпті оған дәрісін де еге алатын болды. Қазір жасы 15-те, мектептегі сабағы да жақсы, ағылшын тілінен қосымша сабақтарға барады, қолынан келгенше табыс та тауып жүр: төменгі сынып оқушыларына ағылшын тілінен жеке сабақтар береді, аптасына үш рет үйлер мен пәтерлерді тазалайды.

Дана үйіне тек кешкісін ғана жетіп, кешкі тамағын дайындап, сабағын оқуға отырады. Кез-келген қыз бала секілді құрбыларымен әңгіме айтып, интернетте отырғысы келеді ғой. Жақында «Шетелде білім алу» көрмесінде болып, каталог бойынша колледждерді қарап шығыпты. Салыстырмалы түрде қымбат болмағанмен, анасымен екеуінің ондай ақшасы жоқ. Бірақ армансыз қалай өмір сүруге болады?

-  Шетелден білім алып, жақсы жұмысқа тұрсам ғой, сонда мамамды жер-жерге емдеуге апарар едім, - дейді Дана. – Мен ағылшын тілін өте жақсы көремін, бірақ ересектер басқа мамандықты, мәселен, инженерлікті таңда деп кеңес береді. Ал тілді білуім қосымша көмек болады, оның үстіне қазір ағылшын тілін білетін мамандар керек дейді.

Жанна мақұлдап басын изеп, қызының өңі бозарып кеткенін байқады. Маған бұрылып:

- Дәрігерлер Дананың анемия екенін айтады, тез шаршап қалады. Біресе оқушыларына жүгіреді, біресе адамдардың үйлерін тазалайды, ал үйіне келгенде қайтадан тамақ дайындап, үй тазалайды. Жұмыстарын бітірген соң сабағына отырғанда түн болады. Сағат бірде немесе екілерде ұйықтайды, ал таңертең қайтадан сабағына кетеді...

 

ТЕК МҮМКІНДІК БЕРСЕҢІЗДЕР

- Мен қызымды асырауым керек қой, ал бізде керісінше.

Сырқатынан гөрі осы нәрсе Жаннаның жанын жегідей жейді. Бірақ қолынан не келсін, өзі екінші топтағы мүгедек. Өзі 20 келіге арықтап кеткен, өйткені қою тамақ іше алмайды, ішетіні тек сұйық тамақ қана. 20 мың теңге шамасындағы жәрдемақысы тек «калимин» дәрмегіне ғана жұмсалады. Соның арқасында ол қозғалып, сөйлей алады. Айына 24 мыңдай кетеді. Одан басқа да дәрі-дәрмектері, коммуналдық шығындары, ішетін тамағы бар. Қайта оларды қиын жағдайда қалдырмады. Дана ағылшын тілінің сабағына тегін барып жүр, Виктория Андреевна оларға азық-түліктер жіберіп тұрады. Дананың құрбыларының ата-анасы қолдау көрсетіп тұрады, оған жақсы етік сатып әперіпті. Мектебі де қол ұшын береді, жақында оған пальто сатып алып берген. СТГ әкімшілігі облыстық білім беру басқармасына хат жазып, Дана үшін гуманитарлық колледжде оқуға квота бөлу өтінішімен шығыпты. Енді 9-сыныпты бітіргеннен кейін ол тегін оқи алады.

Кейбір көмек көрсеткен жандардың есімдері есінде қалмапты, бірақ оларға алғысы шексіз. Аджипте жұмыс жасайтын бір шетелдік 50 мың теңге беріп жіберген. Жанна бірден дәрі-дәрмек сатып алыпты, оған көршісі Дамир көмектескен. Бірақ Жанна өз аяғынан тұрып, жұмыс жасағысы келеді. Білімі бар, 1С бухгалтерия, бухгалтерлік есепті біледі, статистикалық есеп жасай алады. Оның сырқатына ем жоқ, бірақ аурудың бетін қайтаруға болады ғой...

Жақында ол тағы да ауруханаға емделуге барып, компьютерлік томографияға түскен. Нәтижелері көңіл көншітерлік болмай шықты. Тексеру кезінде айыр безінен көлемі 3 см-дей болатын ісік тауыпты. Тимоэктомиядан кейін ол өте әлсіз болғандықтан, жоспарлы компьютерлік томографиядан өтпеген. Енді ол жаңа пайда болған ісік пе, әлде ісіктің қалдығы ма, дәл айту қиын боп тұр. Дәрігерлер қалдық болар деген пікірді көбірек топшылайды. Бұл жағдайда лазерлік және химиялық терапиядан өтуге болмайды, қайталама операция жасауды кім қолға ала қояр дейсің.

Мамандар, оны тіпті Ресейде де жасауға келісетініне сене қоймайды.

- Егер менің қолымда шетелден диагнозын анықтап, емделуге қаржым бар болса, тіпті егер дәрігерлер емделу үшін ең болмағанда бір мүмкіндік берсе, мен келісер едім. Ресей миастения орталығына (№51 Мәскеу қалалық емханалық ауруханасы) соншалық барғым келеді. Бірақ Орталықтан тек диагностикадан өту үшін шетел азаматшасы ретінде 3 мың доллар төлеуім керек. Бұл маған және мені апаратын кісіге әуе билеті мен Мәскеуде тұру ақысын қоспағанда. Ал сапардың жалпы сомасы, менің есептеулерім бойынша, 6-7 мың доллардай қаржы құрайды, - дейді Жанна.

 

"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ

Миастения (myasthenia gravis) — аутоиммундық жүйке-бұлшық ет сырқаты, көлденең белдеуленген бұлшық еттердің патологиялық және тез шаршауымен сипатталады. Көбінесе қабақ бұлшық еттері, шайнау бұлшық еттері зақымданады, жұтыну қиындап, жүріс өзгереді. Науқасқа абыржу зиян болады, өйткені бұл кеудені ауыртып, алқындырып тастайды, орындықтан тұру қиындап, тіпті қолын қозғалту мұң болады.

 

Біздің жарияланымның кейіпкеріне көмектескісі келетіндер оның есеп-шотына ақша аудара алады:

Қазкомерцбанк

ИИК: KZ8392606015X3808000

СТН: 150910458159

Алушы: Есмагамбетова Жаннат Жанабаевна

Банк БИК-ы: KZKOKZKX

28 наурыз 2012, 19:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.