Атырау, 7 қазан 09:33
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

"Жұлдызымыз" таңдай қақтырды

3 524 просмотра

Алматылық нөмірі бар автобуста демеушілердің Атырау қалалық және облыстық әкімдіктер екендігі жазылған.

Атырауға гастрольдік сапарға шыққан эстрада әншісі Бейбіт ҚОРҒАННЫҢ «жұлдыз ауруы» ұстап қалды.

21 наурызда әнші «Ақ Жайық» газетінің тілшісі Айнұр САПАРОВАНЫ «дұрыс» сұрақтар қоюға үйретпек болды. Екі концерттің арасында алдын ала сұхбат алуға келісіп қойған жас журналист әжептәуір сұрақтар қойып үлгерген еді. Алайда көптеген әртістердің «жұлдыз ауруы» туралы сұраққа өз жауабын Бейбіт Қорған іс-қимылымен көрсетіп берді. Ол диктофонды өшіріп, бүкіл жазбаны кетіруді талап еткен. Тілші сұхбаттың жарияланбайтынын, бірақ диктофон өз меншігі екенін, оны не істейтінін өзі шешетіндігін айтқан. Сахнаға шығуға асыққан Қорған айналасындағыларға: «Жазбаны өшірмейінше, журналисті бөлмеден шығармаңдар» деп бұйрық береді. Келбеті салиқалы, костюм киіп, галстук таққан жас шамасы 30-дардағы Ғазиз деген біреу (кейбір мәліметтер бойынша, әншінің сапары кезінде атқосшы боп жүрген оңтүстік облыстардың бірінің тұрғыны) оған жақындап келіп: «Менің кім екенімді білесің бе?» деп, Айнұрдың қолындағы диктофонды күштеп тартып алмақшы болады. Ала алмаған соң журналисті есік аузынан бөлме ішіне қарай лақтырып жіберіп (тілші жиһазға соғылып, құлап түскен), есікті сарт еткізіп жауып тастайды.

Бірер минут өткен соң, гримдеу бөлмесіне қайта кірген Қорған кешірім сұрап, диктофонды «жақсылықпен» беруді сұрайды. Келісімге келе алмаған соң, «өз адамдарының бәрін аяғынан тік тұрғызып, Айнұрды ұнтақша үгітіп, торға тоғытуға» уәде береді. Өз-өзіне разы болған әнші сахнаға ән айтуға шығып кетеді.

Дәлізде әншіден жауап алуда.Журналисті жабық бөлмеде әлдебір Серік дегеннің бақылауында 40 минуттай ұстап, айқайлап көмек сұрағанына және есікті сындырмақ болғанына қарамастан, тек полиция жасағы мен газет басшылығы келгеннен кейін ғана босатты. Айнұрдың ерні мен тізесі жарақаттанған. «Ақ Жайық» газетінің тілшісі дене жарақатын салу, күштеп ұстау және журналистің кәсіптік қызметіне кедергі келтіру фактісі бойынша Атырау ҚІІБ-не шағымданды. Әншінің өзінен концерт біткеннен кейін тергеу-жедел топ өкілдері жауап алды. Осыдан кейін ол Айнұр Сапаровадан кешірім сұрады. Бірақ полиция келген бойда бой тасалаған Ғазиздің кім екенін «есіне түсіре алмады».

Әншінің мұнайлы аймақтағы мерекелік гастроліне қалалық және облыстық әкімдіктер демеушілік көрсеткен. Шамасы, тек солар ғана Алматы әуежайында әртістің жолсерігін аяусыз ұрып-соғу фактісі бойынша қозғалған атышулы қылмыстық іс туралы білмейтін секілді (сол кезде ол өзін қарсы алған достарының қылмысынан бейхабар екенін айтып ант-су ішкен болатын).

Әртіс гримдеу бөлмесінде (сол жақта)Айтпақшы, сахна сыртында Мәжіліс депутатының есімін атап, жапа шеккен тілшінің әріптестеріне ықпал етуге әрекеттенген жігіттер жүрді. Әртістің қамқоршыларының бірі көрермен залына өтіп, облыс әкімі орынбасарларының бірін көмекке шақыруға тырысты, бірақ онысынан түк шықпады.

Кінәлілерді жазалау үшін жапа шегуші Айнұр Сапарованың сот-медициналық сараптамадан өтуі тиіс екені түсінікті. Сот-медициналық сарапшы Нұрлан ҚАПИН мынадай қорытындыға келді: «...оң жақ иығының тұсында қанталаған, оң жақ тізе буыны тұсында, оң жақ білезігінде терісі сыдырылған жарақаттар, төменгі ернінің шырышты қабаты қанаған күйде денсаулығына зиян келтірілген. Бұлар 21 күннен аспайтын және қатты доғал заттардың әсерінен тигізілген қысқа мерзімдегі денсаулықтың бұзылуына әкеп соққан жеңіл жарақат түріне жатады»

Тергеу ісі жалғасуда. Жақын арада ғана тергеуші Асқар КӨШҚАЛИЕВТАН істі қабылдап алған жауап алушы Арман БАЙМЕНШИН әзірге нақты ештеңе айта алмай отыр. Нәзік қыз балаға күш қолданған Ғазиздің кім екендігі әзірге анықталған жоқ. Алайда ынта білдірсе полиция оны оп-оңай, тез тауып алуына болар еді.

- Менің заттарымды алып жүретін бұл жігітті Шымкенттен білемін. Ал фамилиясы есімде жоқ, - деді Бейбіт Қорған әңгіме кезінде.

Әншінің шашбауын көтеріп жүргендердің барлығы алматылық мемлекеттік нөмірі бар, бүйірінде әртістің портреті салынған және демеушілердің біздің жергілікті әкімдіктер екені жазылған автобуспен бүкіл Қазақстанды аралап Атырауға келгенін айта кетелік. Айналып келгенде олар Атырауда журналистпен қақтығысып, «көңілді» жарнама жасады деп хабарлады көптеген республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары.

Виктория ЛИ, Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген автор

28 наурыз 2012, 18:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.

Комментарий беру ажыратылған