Атырау, 24 қараша 06:05
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жабық сот

2 634 просмотра

26 наурызда Атырауда терроризммен айыпталған 47 азаматқа қатысты жабық сот процесі басталды.

– Атырау облыстық ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотының айыпталушылар орындығында терроризммен айыпталған 42 адам отыр. Сот жабық режимде өтіп жатыр. Айыпталушылардың санын ескерсек, сот әлі ұзақ уақытқа созылатын болар, - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай ҒАЛИЕВ.

Сонымен қатар, Атырау тергеу изоляторында өткен жылғы  31 қазанда Атырау қаласында теракт дайындамақ болды деген айыппен қамауда отырған тағы 5 адамға қатысты көшпелі сот процесі басталды. Бұл істі №2 қалалық соты жүргізеді.

– Олардың ісі тергеу изоляторының ғимаратында қаралып жатыр. Өйткені онда адамдарды өлтіру фактісі бар, -деп хабарлады біздің бейресми дереккөзіміз. Бірақ қай кісі өлімі туралы екендігін нақтылаған жоқ.

Қылмыстық соттың отырысына тіпті жақын туыстарын да жібермеді. Сот ғимаратын ІІД қызметкерлері қоршап алды, ғимараттың жанына бейнебақылау камерасы орнатылған.

– Мұның бәрі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасалады, - деді бізге облыстық сот қызметкерлерінің бірі.

Прокуратура өкілі айыпталушылардың ҚР Қылмыстық Кодексінің 233-бабының  (терроризм) барлық тармақтары бойынша айыпталып жатқанын түсіндірді. Оларға жарылыс жасау немесе адамдардың қаза болу қаупін төндіретін өзге де іс-әрекеттер істеу, террористік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу, террористiк қызметті қаржыландыру, қолдан жарылғыш құрылғыларын дайындау, экстремистік қызмет жасауға жария түрде шақыру және ҚР Қылмыстық Кодексінің 179-бабының 2-тармағы («а», «г» тармақшалары) (адамдар тобының қару қолданумен жасаған қарақшылығы) бойынша айып тағылып отыр.

Сотталушылардың барлығы – 23-тен 34 жасқа дейінгі жастар. Олардың ішінде Өзбекстан Республикасының екі азаматы мен Қарағанды мен Ақтөбе облыстарының екі тұрғыны бар, қалғандары Атырау облысынан.

Атырау облысы прокурорының көмекшісі Ләззат НҰРМАҒАМБЕТОВАНЫҢ айтуынша, бұл террористік актілерді дайындауға айыпталғандардың толық құрамы емес.

Естеріңізге салсақ, өткен жылы тамыз айының аяғында – қыркүйектің басында Атырау бойынша облысымызда және одан тысқары жерлерде терактіні дайындауға қатысты деп күдіктелген тұлғалар жаппай ұсталған еді. Олардың бірі ұстау кезінде арнайы жасақтың оғына ұшқан болатын. Ал 31 қазанда Атырау қаласында бірінен кейін бірі екі жерде – облыстық әкімдіктің жанындағы қоқыс жәшігінде және облыстық прокуратура ғимаратының маңына жақын жерде жарылыс орын алды. Екінші жарылыста қолындағы қолдан жасалған бомба абайсыздан іске қосылып кетіп, террористің өзі - 23 жастағы Бауыржан СҰЛТАНҒАЛИЕВ қаза болды. Бірнеше күннен кейін осы жарылыстар үшін жауапкершілікті, кейбір мәліметтер бойынша, Ауғанстан мен Пәкістанда орналасқан әлдебір «Халифат сарбаздары» деген топ өз мойнына алған болатын.

Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

28 наурыз 2012, 17:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.