Атырау, 24 қараша 05:51
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Алтын сақа-2012»: үздік мерген - Георгий Попов

4 179 просмотра

«Ақ Жайық» газетінің жүлдесі үшін ұйымдастырылатын дәстүрлі «Алтын сақа» ойыны әдеттегідей Ұлыстың ұлы күні өз ойыншылары мен жанкүйерлерін жинады.

Тағы да межелі орында балалардың басын қосты. Биылғы қатысушылар құрамы жаңаша деуге болады. Жүзі таныстардан тек Нұржан мен Мадияр ғана бар. Шамасы, көбінің жасы 13-тен асып кеткен де болар. Ойынға бірінші рет қатысқандар көп болды. Ойынымыздың  ең жас ойыншысы Райбек Абылғазы болды. Неге екені белгісіз аудандардан жазылған ойыншыларымыз ойынға келе алмай қалды. Әсіресе, шалғай Қызылқоға ауданынынан келетін бір топ ойыншыларымыз, мақаттықтар мен исатайлықтар өз еселерін жіберіп алды. Алайда, бүгінгі ойынымызды қыздырған қалалықтар олардан әсте қалыса қоймады. Олар асықты қала баласы білмейді дегенді жоққа шығарды. Тіпті, ойынымызға алғаш рет қатысқан Георгий Поповтың мергендігінде сөз жоқ. Ол үшінші топ ойынды бастамай жатып-ақ,  сақаны атып үлгерді. Ойын тәртібі түсіндірілгеннен соң ойынды бастаған бірінші топтың ойыншыларының бірнеше айналымынан кейін топты Әбілхайыр Абылғазы жарып шықты.  Ал екінші топтың сақасын Жанболат Сақтағанов ұтып алды. Жеңімпаздарды анықтайтын ақтық ойында үшінші топтың көшбасшысы болған Георгий Попов  «Ақ Жайық» газетінің жүлдесін жеңіп алды. Ол үшінші айналымда-ақ, өзінің мергендігін тағы бір дәлелдеді. Сөйтіп, бас жүлдені қаламыздағы №5 мектептің 4-сынып оқушысы Георгий Попов қанжығасына байлады. Екінші орынға №28 мектептің 7-сынып оқушысы Жанболат Сақтағанов ие болса, үшінші орынды №30 мектептің 7-сынып оқушысы Әбілхайыр Абылғазы иеленді. Оларға газет жүлделері - бірінші орынға велосипед, екінші орынға скейтборд, үшінші орынға бадминтон ойынының жиынтығы табыс етілді. Ал, қалған қатысушыларға ескерткіш төсбелгілер сыйға берілді. Ойынымыздың байырғы ойыншыларының бірі, өткен жылы үшінші орынды жеңіп алған Нұржан Басаролла, Нұрдәулет Теміров биыл да ойынға қатысты.

Жанкүйерлер арасынан «Алтын сақаға» төрт жыл қатарынан қатысқан өзіміздің сүйікті ойыншымыз бола білген Азамат Есбергенов бүгінде ойынды тамашалауға келген екен. Қазір ол өз мектебінің 10 сыныбында оқиды.  Көзімізге оттай басылған Азаматты көріп, біз оған мына бір сауалды қойдық:

-Азамат, қалай ойлайсың, біздің балаларға асық ойыны керек пе?

-Әрине, керек деп ойлаймын. Мен оған бала кезімнен қызықтым. Ойынға бола жүрген жерімде асық жинап жүретін болдым. Сенің ойымша, асық қызықты ойын, оның үстіне осы ойын үшін жүлде ұйымдастырып, өткізіп тұратын болса, балалардың барлығы да қызығады деп ойлаймын.

Алаңға келген тағы бір жанкүйеріміз, дәрігер-зейнеткер Басаролла Қарасов ағамыздың мына бір пікірі біздер үшін үлкен ой тастағандай болды.

-Сіздердің бастамаларыңыз жақсы, алайда, асық ойынының түрі көп, сол ойындардың барлығын дамыту керек деп ойлаймын. Тек «Омпы» ойынымен ғана шектеліп қалғандарыңыз жарамайды, балаларға ол ойындардың қыр-сырын үйрететін адамдардың кеңесі керек, олардың ептілігін арттыру қажет.  

Сөйтіп, жыл сайын басымызды қосатын «Алтын сақа» ойыны да өз мәресіне жетті. Жеңімпаздар да анықталды. Алайда, асыққа қызықпаған балалардың бізге алыстан  ғана көз тастап өте шыққандары бар, керісінше асығы жоқ болса да ойнасам деп талпынғандар да баршылық. Лайым ұлттық дәстүр, ойындарымызға деген жастарымыздың талабы арта бергей!

Гүлсара ҚАЙЫРОВА   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

22 наурыз 2012, 15:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.