Атырау, 24 қараша 04:56
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Кімге картоп керек?

2 357 просмотра

Атырау облысының тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңыздағы азық-түліктерді сатып алу үшін 636 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Осыған қарамастан, аудандардағы азық-түліктердің бағасы өсіп жатыр.

Бұл туралы облыстық әкімдікте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Жанкелді РАХМЕТҚАЛИЕВ мәлімдеді. Егер облыс орталығында картоптың бір келісі 55-60 теңге тұрса, кей аудандарда оның құны 100 теңгеге жетеді. 27 атаудан тұратын үкімет бекіткен тізімдегі азық-түліктердің көп түрлері бойынша осылай. Алайда Рахметқалиевтің бұл айтқанын аудан әкімдері бірауыздан теріске шығаруға кірісті.

– Біз әкімдерге тексеру жөнінде хабардар еткен жоқпыз. Аудан дүкендерінің сөрелерін суретке түсіріп алдық. Сондықтан бізде барлық дәлелдер бар, - деп нықтап жауап берді Рахметқалиев. Сол кезде жиналысқа қатысушыларға отырыс залындағы мониторлардан фотоайғақтар көрсетілді.

– Қоймаларда тек картоптың өзі 3,3 мың тоннадан астам. Бір ай ішінде ол бұзылып, тауарлық түрін жоғалтады. Сондықтан шұғыл арада осы және көкөністердің басқа түрлерін өткізуді қамтамасыз ету керек. Бізге азық-түліктерді әрі қарай сатып алу үшін айналым қаржысы қажет. Қоймаларда азық-түліктер жеткілікті, ал аудандардағы бағалар көтеріліп жатыр. Бұрын сіздер жол жабық деп ауа-райына сілтейтін едіңіздер, енді қандай себеп тауып отырсыздар? – деді облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ аудан әкімдеріне қарап.

Алайда жарытымды жауап ала алмады.

Дәукенов аудан әкімдерін картоп қорын өткізуге күш салуға шақырды. Бұрынғы Атырау мэрі, қазіргі облыс әкімінің орынбасары Мереке ЕСМҰРАТОВ ізбасарыАсқар КЕРІМОВКЕ өзімсініп кеңес берді:

– Жеткізушілердің тендерлік ұсыныстарында балабақшаларға, медмекемелерге және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мекемелерге берілетін картоптың бір келісі 185 теңгеге дейін жетеді. Оларға бізден 55-60 теңгеден алуды ұсынарсың.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

 

21 наурыз 2012, 16:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.