Атырау, 6 қазан 12:56
 ашықВ Атырау +14
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Ауылды тасқын баспасын

2 014 просмотра

Мамандар биылғы қардың түсуін екі, үш жылдық мөлшермен теңестірген болатын. Сол мол қар жаппай ерісе суға кету қаупі бар үйлер  Индер, Қызылқоға, Жылыой, Мақат аудандарында жеткілікті. Ал облыстан тасқынның алдын алу шараларына көк тиын бөлінген жоқ. Аудандарда құрылған ТЖ штабтары жетпестіктерді анықтаудан әрі аса алмай отыр. 

Индер ауданында қауіпті аймаққа Жарсуат пен Бөдене селолары ілігуде. Бөденедегі жар төбесіндегі жалғыз үй өткен жылдың күзінде көшірілген. Есесіне Жайық өзеніне жақын бейіттер суда қалмақшы. Ал Жарсуат селосына қарасты Құрылыс елді мекенін құтқару мақсатында екі мыңға жуық қапшық, төрт су соратын насостар алынуда. Тоғайдан жыңғыл шабу ұйымдастырылмақшы. Индер ауданының әкімі Берікқали САРСЕНҒАЛИЕВТІҢ мәлімдеуінше поселкедегі қар ерігенде суға кету қаупі бар М. Мөңкеұлы, Қазақстан, Алматы көшелерінің қары тазартылған.

Қызылқоғада Миялы-Индер жолдары қайта-қайта жабылып қалып отыр. Бұл ауданға қарасты 14 795 тұрғыны бар 10 елді мекен қауіпті саналады.

- Ауданнан құрылған комиссия алты мекендегі ұзындығы 14 120 метр бөгеттің 7133 метрі бұрын суға шайылып кеткенін анықтады. Жарамсыз. Бөгеттерді күрделі жөндеуден жүргізу үшін облыс әкімінің орынбасары А. ӘБДІРОВТІҢ атына  3 млн. 499 мың теңге сұрап хат жазғанбыз. Ол әлі қолға тиген жоқ. Су тасқынынан қорғану мақсатында «Қазсушар» РМК-ның Қызылқоғадағы учаскесінен, «Жаңа арна» ЖШС-нен алынған техникалар дайын тұр. Құм салатын қаптар, су соратын сорғылар да қолда. Ойыл өзеніне жоғарыдан құйылатын су аса көп емес деген ақпар алып отырмыз,-дейді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Мақсот МҰҚАНОВ.

Құрманғазы ауданына биыл қар қалың түспеген. Ал Азғырда биіктігі 40-50 см. шамасында қар жатыр.  Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Қуандық САДЫҚОВТЫҢ мәлімдеуінше ұзындығы 27 км қорғаныш бөгетін қалпына келтіру үшін әлі қаржы бөлінбеген. Махамбет ауданы бойынша су басу аймағына 20 елді мекен, 4 583 тұрғын үй, 92 әлеуметтік нысан кіріп отыр. Ескірген 44 112 метр қорғаныш бөгетін қалыпқа келтіру, қапшық, су насостары, құрылыс материалдары, күрек, т. б. жетімсіздіктері анықталып, облысқа сұраныс жіберілген. Бақсай, Соколок, Нарын каналдарының бас бөліктерін тазарту қажет.

- Қарлар алынбай жатыр деп айтуға болмас. Бірақ жұмыс баяу. Техника жетіспей жатыр. Қар ерісе су басады, үйлерге қауіп төнуде,-дейді Махамбет селосының тұрғыны Ақкенже АБУТАЛИНА.

 Жылыой ауданында Бақашы бөгеті өткен жылғы су келгенде істен шыққан болатын. Жыл сайын есепсіз төгілген топырақ бөгет бола алмайды. Бөгет салу үшін қыруар қаржы керек. Өткен жылы әкімдіктің ТШО-дан бөгет салуға демеушілік сұраған ұсынысы аяқсыз қалды.

Қаладағыдай емес, аудандарда қалың қар жатыр. Тоң түскен жоқ. Техника аудандарда жетіспейді. Облыстан бөлінген техникалар аудан орталығындағы қарларды шығартып үлгермеуде, яғни, өздерінен ауыспайды. Ауылдардағы тау болып үйілген қарды далаға тасымалдау ісі орындалмастан жатыр. Тұрғындар бұған қатты алаңдаушылық білдіруде. Жаппай ерігенде су астында қалатын үйлер көптеп саналып отырғаны сондықтан.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

21 наурыз 2012, 13:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.