1 наурызда атыраулық жұмыс берушілердің еңбекақы мен әлеуметтік төлемдер бойынша жалпы бережақтары 126 млн теңге құрады.
Мәселен, Атырау қаласындағы күзет фирмаларының бірі өндірістік зақым алған қызметкеріне әлеуметтік көмек төлеуден ұзақ уақыт жалтарып жүріпті. Алайда сотта жұмыс берушінің кінәсі толықтай дәлелденген. Атырау қаласы прокурорының көмекшісі Әсемгүл ӘБДІРАХМАНОВА хабарлағандай, қалалық прокуратура араласқаннан кейін күзет фирмасы жапа шегушіге 304 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмекті төлепті. Енді жыл аяғына дейін ай сайын еңбекке қабілеттілігін уақытша жоғалтқан қызметкеріне орташа айлық жалақысын аударып тұратын болады.
Ә. Әбдірахманованың айтуынша, биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында қалалық прокуратура еңбек заңнамасы бұзылған 184 жағдайды анықтап, 1 549 азаматтың конституциялық құқығын қорғаған. Прокуратура еңбек құқығының бұзылғандығы туралы (соның ішінде еңбекақы бойынша бережақтар туралы) 27-08-11 сенім телефонына хабарлауды сұрайды.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА