Пәтеріңізді жалға беру үшін жеке кәсіпкер патентін алу міндетті емес. Жылына бір рет табыс туралы декларацияны тапсырып, жалға беру төлемақысының 10 пайызын төлесе жеткілікті.
Қалалық салық басқармасының жеке кәсіпкерлікті әкімшілендіру бөлімінің бастығы Элиза МЕТЕНОВАНЫҢ айтуынша, олардың қызметкерлері үнемі рейдтер ұйымдастырып, пәтерді рәсімдемей жалға беретіндерді анықтап отырады екен. Көбінесе бұл туралы шағымдар жалға алушылардың шуынан шаршаған көршілер мен ПИК-тен келіп түседі. Ал ПИК өз мүддесін қорғайды – баспананы жалға алатын тұрғындар жарық пен су үшін ақша төлеп, көбінесе кооператив қызметтерін (шатырды жөндеу және т.б.) ұмытып кетеді. Олардан мақсаттық жарналарды жинай алмайды.
– «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңның 27-бабының 1-тармағына сәйкес, қызметкерлердің еңбегін тұрақты негізде пайдаланбайтын жеке тұлғалар мүлік табыстарын алу кезінде дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы. Оған мүлікті жалға беру табысы да жатады. Салық төлеушінің табысына 10 пайыздық мөлшерлемемен салық салынады, - дейді Элиза Метенова. Табыс мөлшерін жалға берушілердің өздері көрсетеді. Егер жалға беру келісім-шарты жоқ болса, нақты соманы тексеру қиын, бұл жерде көптеген факторларды ескеру керек.
Өткен жылы салық қызметкерлері жеке тұлғалардан үйлер мен пәтерлерді жалға беріп, бірақ табыс салығын төлемеген 69 жағдайды анықтады. Осы істердің материалдары әкімшілік сотқа жолданды. Мұндай жағдайға ұшырамас үшін салық қызметкерлері қаңтар айынан 31 наурызға дейін өткен жылдың декларациясын тапсырып, ал есептелген салықты келесі айдың 10 жұлдызына дейін төлеуге кеңес береді.
2011 жылдың қорытындылары бойынша Атырауда мүлікті жалға беруші 1 349 кәсіпкер тіркелген. Олардың табысына есептелген салық сомасы 84 млн теңге шамасын құрады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА