Атырау, 10 желтоқсан 10:02
 бұлттыВ Атырау -3
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Апат айналып өтті

2 298 просмотра

Төтенше жағдайлар департаментінде әуе және теміржол транспортындағы қауіпсіздікке қатысты мәжіліс болып өтті. Атырау әуе торабының ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инспекторы Нұрбай ШАҒИМОВ өзінің сөйлеген сөзінде өткен жылы 4 оқиғаның орын алғандығын хабарлады. Одан құрбан болғандар мен зардап шеккендер болған жоқ. 

ТӘУЕКЕЛГЕ БЕЛ БУҒАН ҰШҚЫШТАР

14 ақпанда Солтүстік Каспий – Атырау рейсін орындау барысында диспетчерлер Л-410 ұшағының экипажына Атырауда қолайсыз ауа-райы болғандықтан Ақтау қаласының қосалқы аэродромына қонуға нұсқау берді. Алайда, оған жанар-жағар май жеткіліксіз болғандықтан экипажға қиын жағдайға қарамастан тәуекелге бел буып, Атырау әуежайына қонуға тура келген. Ұшақ жерге аман-есен  қонды. Ұшақ бортында экипаждан басқа, 6 жолаушы болды.

6 мамыр күні Шымкент – Атырау – Ақтау маршруты бойынша рейсті орындаушы АН-24Б («SСAT Әуе компаниясы» АҚ) ұшағы қолайсыз ауа-райының салдарынан Атырау халықаралық әуежайына қонды. Ұшу барысында метеорологиялық жағдай нормаға сәйкес болды, бірақ, артынша (Атырау әуежайында қатты жел тұрды) ауа-райы бұзылып, экипажға тікелей Ақтауға қонуға команда берілді. Алайда, ондағы ауа-райы да кенет бұзылып кеткендіктен қалай болғанда да Атырауға қонуға тура келді. Ұшақ бортында экипаждың 4 мүшесінен басқа 20 жолаушы болды. 

3 маусымда Шығыс Қашаған (Шолпан алаңы) – Атырау рейсін орындаушы тікұшақтың 500 метр биіктікте дабылы іске қосылды: «№1 қозғалтқыш бөлігінде өрт шықты». Алайда, дабылды белгіден басқа, өрттің басқа белгілерін экипаж таппады. Геликоптер ұшуды жалғастырды және Атырау  әуежайына аман-есен қонды. Тергеу дабылдатқыштың жалған белгі бергендігін анықтады.

27 қарашада дәл сол тікұшақ Шығыс Қашағаннан қайтып келе жатып, Атырауға қонғаннан соң өздігінен айнала бастады, оның оң жақ шасси діңгегі сынып кеткен болып шықты, тікұшақтың арты жерге тиіп қалды. Экипаж жедел түрде қозғалтқышты іске қосты, тікұшақ ұшу алаңының бір бөлігіне келіп тоқтады. Тергеу тікұшақ жерге қонғаннан кейін ұшқыштардың бірінің өз сөмкесін құлағымен «Шаг-газ» басқару тұтқасына бекітіп қойғандығын көрсетті. Тұтқа жоғары қарай көтерілген, ал, ол қозғалтқыш айналымының жедел күшеюіне әкеліп соққан.

 

РЕЛЬСТЕ ЖАТҚАН АДАМ

2011 жылы теміржолда болған төтенше оқиғалар туралы «Қазақстан теміржолы» АҚ бас инженері Амантай ЖАЙЛЫҒҰЛОВ баяндады. Локомотивті бригаданың сапасыз жұмыстарының салдарынан 4 тауар пойызының тоқтап қалуынан басқа, ол Аққыстау стансасында  20 тамызда орын алған  төтенше оқиғаны тілге тиек етті. Машинист жолда жатқан адамды көріп, пойызды жедел тоқтатқан. Әлгі адам да рельстен кетуге әрекеттенгенімен, оған үлгермеген. Нәтижесінде 32 жастағы мас ер адамның аяғын тобығынан кесіп түскен.

Облыстың  ТЖД бастығы Болатбек ОМАРОВ  8 ақпанда Мақат және Жылыой аудандарының аумағында қар күртіктерінің салдарынан тоқтап қалған 7 жолаушылар пойызы туралы бірден хабарламаған теміржол басшылығын сынға алды.А.Жайлығұлов ТЖ туралы хабарламаған диспетчердің жазаланғандығын хабарлады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

21 наурыз 2012, 12:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.