Атырау, 26 желтоқсан 14:54
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Байшонас бұрқ етті

2 694 просмотра

14 наурыз күнгі түстен кейін Мақат ауданына қарасты Байшонас ауылының 200-ге жуық тұрғыны округ әкімдігінің ғимаратының алдына жиналып,  өздерінің  жылусыз және сусыз жағдайларына қатысты наразылықтарын білдірді.

- Ауыз су мен жылу бір аптадан астам уақыт болды, жоқ. Судың жоқтығынан дүкендегі «Тассай» суын пайдаланудамыз, ол да таусылуға айналды. Билік  нені ойлап отыр?!-дейді Наурыз БЕКБОСЫНОВА, Жұмабике ҚҰЛТАЕВА, Ғалия ИБРАЕВА, Сауле БЕКЕШОВА және басқа да жиналғандар.

Аязда екі сағаттан астам  тұрғандар ауыл әкімін ақыры кездестіре алмай (ол белгісіз себепті орнында жоқ) үйлеріне тарқасты. Ал ішіндегі белсенділері  әлде бір үмітпен Мақат ауданы әкімі мен аудан прокурорына арыз жөнелтті.  Егер оларға  су мен жылуды  қалыпқа келтірмесе  одан да белсенді наразылық акцияларын ұйымдастырмақ. 

Біз  Мақат ауданы әкімі Қилымғали  ҚАЙНЕНОВКЕ хабарластық.

- Мен бәрін біліп отырмын. Байшонасқа баратын су линиясы оншақты күннен бері қатып қалды. Судың жоқтығынан біз жылуды түнде амалсыз  айырдық. Қарсақтан үш көлік су жылу қазанына құйылды. Сол көліктер екінші рет су әкелуге  кетті. Ал Доссордан шыққан екі су таситын машина қарға малтығып жолда қалды, көмекке техника жіберілді. Біз бүгін жылуды қосамыз. Байшонасқа баратын су құбыры жөнделетін болады, ал ол қашан бітетінін айта алмаймын.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА  

 

15 наурыз 2012, 15:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.