Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап, Атырау қаласында тұрмыстық қалдықты шығару тарифі 20пайызға, яғни, айға бір адам үшін 100-ден 120 теңгеге дейін өсті. Бұл туралы «Арнаулыавтобаза» КМК директоры Дулат ТҰРҒЫМБАЕВ хабарлады.
Әлі күнге дейін бұл хабар неліктен халыққа жарияланбаған және осыған сәйкес қала әкімінің шешімі бар ма? Бұл сауалға Дулат Тұрғымбаев кәсіпорынның табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің республикалық тізіліміне енгізілмегендігін және сол себепті қала әкімінің шешімі де, баспасөзде де жариялаудың қажеттілігі жоқ деп жауап берді. Тариф «Арнаулыавтобаза» КМК бұйрығы бойынша бекітілген. Тарифтің өсуі жанар-жағар май материалдары бағасының көтерілуіне негізделген.
Тұрғымбаев кәсіпорынды жедел жекешелендіру туралы мәліметтерді растамады және жоққа да шығармады. Кәсіпорын активтерін тұрмыстық қалдықтарды жою жөніндегі жаңа полигон құрылысымен айналысатын кәсіпорын «СнабОйл» ЖШС-не беру жөніндегі ресми емес әңгімелер де айтылуда.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ