Атырау, 24 қараша 04:56
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Байшонас қыс құрсауында қалды

4 450 просмотра

Мақат ауданындағы Байшонас ауылының  тұрғындары үшін Доссор поселкесіне барып келу құны адам  басына 2000 теңгеге дейін шарықтады. Екі метрге жететін қар үйінділері арқылы өтетін жол жайы күн жылынғанда одан әрі қиындай түсетін сыңайлы.

Ауылда жол қатынасы ғана емес, тұрмыстық ахуал да төмендей түскен.

- Ауыз суды жылу батареясынан, болмаса котельныйдан тасып ішеміз. Біз бұл азапты бір айдан бері бастан кешіріп жатырмыз. Жылу қалыпты болмағандықтан отбасымыз болып сырқаттанып қалдық, тіпті сырт киіммен ұйықтауға тура келеді,-дейді ауыл тұрғындары Сауле БЕКЕШОВА, Гүлжан ДОСОВА, Шынар ҚҰСАЙЫНОВА, Айнагүл ЕСҚОЖИЕВА.  

Ал «АтырауЭнергоСату» ЖШС-і жылумен қамтушы «Байшонас-жылу» ЖШС-не бережақты 11 наурызға дейін өтемесе, токты қиятынын ескертіп отыр. Ал қарыз 6 млн теңгені құрап отыр.

- Жылудың мардымсыздығынан 25 қаңтардан бастап балабақша жабылды. Балабақшаның су құбыры да қатып қалған. Салқын жерге балаларымызды жібере алмаймыз ғой,-дейді тұрғындар.

- Балабақша жылуы төмендегенде азғантай күн жабылғаны рас, қазір адамдардың өздері балаларын әкелмей отыр. Ауылда 300-ден астам мұнайшы бар, ал жұмыссыздарды ақылы қоғамдық жұмысқа тартып отырмыз. Рас, аудан бойынша жұмыссыздық көбейді, Қарабатаннан қысқарғандар көп, бірақ оларды жұмысқа орналастыру шаралары алынуда.

- Байшонас көшіріледі, бірақ нақты қашан екенін айта алмаймын,-дейді Мақат ауданының әкімі ҚИЛЫМҒАЛИ ҚАЙНЕНОВ.

- Жолдың жабықтығынан Доссорға барып, банкоматтан ақшамызды ала алмаймыз. Жағдай мүшкіл. Ауылды қай уақытта көшіретіні де белгісіз боп қалды. Мынадай қиын кезде ауылға әкімдер ат ізін салған жоқ,-дейді мұнайшылар Жұмагүл ИХЛАСОВА, Алмаш МҰХАНБЕТАЛИЕВА, Жұмабек АЙДАШЕВ, Гүлнара НҰРЖАНОВАЛАР.

Байшонастағы  380 үйде 1980 халық тұрады. Үйлердің басым көпшілігі 1927-1960 жылдары салынған барактар.

- Тұрғындар облыс әкімі ауылға келіп, мұндағы қордаланған мәселелерді көзбен көрсе дейді. Олар осыған қатты үміт артады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

14 наурыз 2012, 17:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.