Атырау, 27 қараша 12:45
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +4
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жаңа инвестор ескі мәселені шеше ме?

2 978 просмотра

Облыс орталығындағы қоғамдық көлік мәселесін «АЖ» бір емес, бірнеше рет көтерген болатын. Біз «Смарт-Атырау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орталық диспетчер бөлімінің басшысы Нұрлан ТҰРЛАНОВҚА (суретте) бірнеше сауал қойдық. Бұл коммуналдық мекеме 2016 жылдың қазан айында мұнайлы астанада жолаушылар тасымалының қозғалысын реттеу үшін қалалық ТКШ бөлімінің жанынан құрылды.

- 2016 жылы Атырауда «Интеллектуалдық қоғамдық көлік» жүйесі енгізілген болатын. Автобустарға 250 GPS-трекер, ал аялдамаларға электронды табло қондырылды. Бірақ, жүйе жұмыс істемеді.  Неге?

- Бүгінде GPS-трекерлер шешіліп алынып, «Смарт-Атырауға» тапсырылды. Біз конкурс жариялап, оларды қайта қондырамыз. Себебі, трекерлерге екі түрлі компания қызмет көрсететін.  Олар екеуі синхронды жұмыс жасай алмағандықтан, таблода қате мәліметтер көрсетілді немесе мүлде көрсетпеді. Қазіргі таңда ТКШ осы компаниялармен соттасуда. «Келісімшартта көрсетілген міндеттерді орындамағаны үшін» компаниялар кінәлі деп табылса, шығынды өтейді деген ойдамыз. Ал алдағы уақытта трекерлерге бір ғана компания қызмет көрсетеді деп үміттенеміз.

- Атырауда қанша тасымалдаушы бар?

- Сегіз тасымалдаушы бар, олар: «Айс Транс Холдинг» ЖШС (№№1, 10, 12, 14, 2, 20, 21, 30, 30а, 4, 57, 50, 6, 64, 4-экспресс), «Ануарбек Транс» ЖШС (№№55, 56, 58 59 маршруттар), «Айдын и Ко» ЖШС (№№52, 54), «Данияр и Ко» (№№53), «Атырау-Такси» ЖШС, «Баймұханов» ЖК (№№11, 51, 62), «Қағазов» ЖК (№№3, 65), «Автомобиль» ЖК (№5).

Осылардың ішіндегі ең ірісі «Айс Транс Холдинг» ЖШС қалаішілік маршруттың 15-сіне қызмет көрсетеді. Жалғыз маршруты бар тасымалдаушылар да бар, мәселен. Олардың үш-төрт қана Газелі бар, жолаушысы өте аз. Иә, жұмыс сапасы керемет емес, біз кондукторлармен де, жүргізушілермен де түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Егер кемшіліктер бірнеше рет қайталанса, бірнеше күнге маршруттан алып тастаймыз. Бірақ, шет-шетінен жұмыстан шығара беру де мәселені шешпейді. Онда тек маршрут жабылады.

- Соңғы уақытта тасымалдаушылар сабақ кезінде оқушылардың 50 пайыз жолақы төлеуін сұрап отыр (қазір олар тегін жүреді), қалалық билік те оларды қолдауға дайын.

- Бұл оңай шаруа емес. Қазір Қазақстан бойынша тек Атырауда ғана оқушылар тегін жүреді. Ал таңертең кісі көп жүретін уақытта автобустың ішінде 50-60 пайызы сабаққа баратын оқушы балалар. Жүргізушілерге әрине, жолақысын төлейтін жолаушылар керек. Біз «Айс Транс Холдингтен» бюджеттен өтемақы төлеу жөнінде бірнеше хат алдық. Олар шығынмен жұмыс жасап отырмыз дейді.

- Неліктен шығынмен жұмыс жасап отыр?

- Ол туралы компания айтпайды, фирма құпиясы дей салады. Бірақ, проблема шынымен де бар. Және оны тек электронды билет беру жүйесін енгізу арқылы ғана шешуге болады. Сол кезде біз тасымалдаушыларға оқушылар, зейнеткерлер, мүгедектер және жеңілдікке ие өзге де жолаушылар үшін қанша өтемақы беретінімізді білетін боламыз. Әрі бұл жерде тасымалдаушылардың шынайы табыстарын көлеңкеден шығарамыз. Қағаз билеттердің бүгінде өте сирек берілетіні жасырын емес қой.

- Электронды билеттерді дайындау жұмысы қазір қай деңгейде?

- Біз Алматы, Астананың тәжірибелерін қарастырдық. Қазір бізге Белоруссиядан, Чехиядан және Польшадан түскен үш жобаны қарастырып жатырмыз. Мұның бәрі қазіргі уақытта қала әкімінің тапсырмасымен дайындалып жатқан тұжырымдамаға енетін болады. Сонымен қатар, қазір инвесторларды іздестіріп жатырмыз. Екі компаниямен келіссөздер жүргізілуде.  Жұмыс ауқымды екенін түсіну керек, ол 2022 жылға дейінгі кезеңге есептелген. Электронды билетті енгізген кезде ірі тасымалдаушылар тек «пайдалы» маршруттарға ғана басымдық бермеуі керек. Газельдердегі шағын тасымалдаушыларды да ескеру керек. Себебі, оларға электронды билет алған күннің өзінде қолма-қол ақша болмайды, ал, кешке үйіне азық-түлігін алып барғысы келеді. Сол үлкен мәселе болып тұр.

- Бүгінгі жағдайға қайта оралайық. Автобустар қай уақытқа дейін жүруге міндетті? Көбі ерте кетіп қалады да, жұмыстан шыққан адамдар үйлеріне жете алмай жатады.

- Кешкі сағат 9-ға дейін.

- Ондай уақытқа дейін жүрмейді. «Біз жеке тасымалдаушылармыз, қай уақытта кеткіміз келсе, сол уақытта кетеміз» деп жауап берді жақында маған біреуі.

- Оныкі дұрыс емес. Тасымалдаушылармен келісімшартта осы уақыт көрсетілген. Бұл және басқа да мәселелер туралы 75-57-57 нөмірі арқылы біздің Call-орталыққа хабарласуға болады. 

- Жүрмей қалған маршруттар бар бізде, мәселен, №62 маршруттар. Себебі қандай?

- Онда автобустар жоқ. Енді бұл маршруттың жайын тендер шешеді.

- Нұрсая ықшамауданы тұрғындарынан шағым көп түседі. Ықшамаудан үлкен, тұрғындар қалада оқып, жұмыс істейді. Автобустар жеткіліксіз. 

- Шынымен де жалғыз №4 бәрін бірдей қамти алмайды. Қазір ол ықшамауданға басқа маршрут шығару жоспарлануда. Мәселен, әуежайдан шығып, «Тұлпар», «Самал», «Нұрсая» аудандарына соғып, Сәтпаевқа түсіп, Абай алаңынан айналып, соңғы аялдаманы әкімдіктің артқы жағынан немесе шіркеу жақтан жасақтаймыз ба деп жоспарлап отырмыз. Бар болғаны тоғыз шақырым шығады екен. Есесіне, студенттер де жетеді.   

- Автобустардың санитарлық жағдайы мәз емес...

- Негізі таңертең механик әр автобусты тексереді. Күнде кешкісін олар автобустың ішін жуып, тазалайды. Бірақ, жуғанның өзінде тап-таза қылып жуады деп ойламаймын. Толық тазалық жоқ, оны мойындау керек. Алайда, жүргізушілер мен кондукторлар медициналық тексеруден міндетті түрде өтеді.

- Жаңадан автобустар сатып алу жұмыстары жүргізіле ме?

- Қазір бес тасымалдаушы «Атырау» ӘКК-мен бірігіп, лизингтік бағдарлама арқылы көлік алуды жоспарлап отыр. «АйсТрансХолдинг» 30 автобус, 10 Газель, қалғандары 10 автобустан алып, паркті жаңартуға дайын. Банк 19 пайызбен берсе, ӘКК 4,5 пайызбен береді несиені. Ол өте тиімді.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

19 маусым 2017, 17:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.