Атырау, 26 сәуір 01:54
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Атырау Лондон емес, әкімді аялдамалардан көрмейсің

Бейнежазба
6 338 просмотра

Соңғы жылдары Атырау қаласының аумағы кеңейіп барады. Халық саны да артуда. Әрине, бұл тұста қарапайым халық қатынайтын қоғамдық көліктің маңызы зор. Біздегі жағдай қалай? «АЖ» тілшісі өзінің әсерімен бөлісті.


ТАР ГАЗЕЛЬДЕР, ҚЫСТЫРЫЛҒАН ХАЛЫҚ

Қаладағы орталық көшелердегі маршруттарға сыйымдылығы үлкен автобустар шығарылған, ал, жаңадан салынып жатқан мөлтек аудандар мен қала сыртындағы ауылдарға шағын автобустар мен газельдер бөлінген. Күнделікті байқайтын көрініс біреу – тығылысып, қыстырылып, бір-бірін итеріп, мініп кетуге тырысып жатқандар. Көпшілігі балаларын мектепке апарады, сабақтан кешігіп қалмау үшін салонға қыстырылып мінуге тура келеді. Егер саған орын жетпей қалса, жолай түсетін адамдарға жол беру үшін газельдерден бірнеше рет түсіп, мінуге тура келеді.


ОҚУШЫЛАРДЫҢ «ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУІ»

Оқушылардың автобустарға мінген құрлы көретіндері де, еститіндері де жағымсыз жайлар. Көпшілігі оқушыларды мінгізгілері келмейді, мінген күннің өзінде «әрі тұр, бері ығыс» деп естерін шығарады. Кейде бойы ұзын, ірілеу тұлғалы балаларды «шынымен оқушысың ба, қане, күнделік, кітаптарыңды көрсет» деп жағадан алады. Сол кезде балалардың қысылғанын көрсеңіз, сөмкелерін ақтарып, құралдарын көрсетіп жатады. Оқушыларға араша болып «көрініп-ақ тұр ғой оқушы екені, неге олай тексересіз?» деген жандарға да бір жауап: «біз қайдан білеміз оқушы екенін, көрсетсін». Бұл сабаққа барып-келетін уақыттағы көрініс. Ал, сабақтан тыс уақытта баланың тіпті есін шығарады: «қайда барасың? Қайдан келе жатсың? Сабақ уақыты емес, қане, ақша төле, мен ерігіп жүрген жоқпын» деп алқымдарынан алады. Қалталарында барлары беріп жатады, жоқтарын түсіріп те кетеді.  

Бүгінде сабақ кезінде балалар Атырауда қоғамдық көліктерде тегін жүре алады. Бірақ, қалалық билік олар үшін жолақының 50 пайыздық төлемін енгізуді ұсынып отыр. Олар еліміз бойынша тек біздің қалада ғана оқушылар тегін жүреді дегенді айтады.


ЕРТЕ ҚАЙТҚАН АВТОБУСТАР

Соңғы жылдары қалалық әкімдік бірнеше рет қоғамдық көліктерде билеттік жүйені енгізуге тырысқанымен, бәрі сәтсіз болды. Яғни, формалды түрде бар да, іс жүзінде жоқ... Кондукторлар үшін билет сұраған жолаушыдан жеккөрінішті адам жоқ шығар. Егер батыл біреу билет сұраса, оған әрине, дөрекі үнмен болса да «мә, ал, ұста» немесе «міне, бір жапырақ қағазың» деп әрең береді. Бұл бос сөз емес, өз басымнан сондай жағдайлар өткен.

Тағы бір проблема, жұмыстан кейін немесе мектептен екінші ауысымнан кейін үйге қайтарда үлкен автобустардан өзгесі сағат 7-ден кейін жүрмейді. Бір де мен балаларымды сабақтан алып, №20-автобусқа мінген едім. 5 сабақтан оқушылар 18.30-да тарайды. Сонда кондуктор «қалаға қарай жүрмейміз, все, уақытымыз бітті» деді. Мен сағаттың әлі жеті болмағанына айтқанымда «біз жеке тасымалдаушылармыз, қашан үйімізге қайтатынымызды өзіміз білеміз» деп жауап берді. Қарсы пікірімді айтқаныммен, соңында үйге таксимен қайтуға тура келді. Қаланың Нұрсая, Атырау мөлтек ауданы, Химпоселок, Еркінқала, Жұмыскер, т.б. аудандарына жүретін газельдердің сағат 7-ден кейін болмайды. 

Алдымыз – жаз, байқасаңыздар, қазіргі автобустардың көпшілігінде желдеткіш терезелер кішкентай. Жазда көліктердің іші қапырық болып тұрады. Салқындатқыш жоқ, терезелерден жел соқпайды. Бұл да Атыраудағы қоғамдық көлікте жүрудің қандай қиын екенін көрсетіп отыр.




Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Бейнежазбаны "АЖ" оқырманы жолдады

6 маусым 2017, 13:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.