Атырау, 24 қараша 04:18
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қыстаққа көктем кеш келеді

3 005 просмотра

Индер ауданының малшылары көптеген қиындықты бастан кешіруде. Бүгінде малшылармен қатынас мүлдем үзілді десе де болады. Берісі жеті, арысы 100 шақырымдағы малшылар өз қамдарын өздері жасап жатыр. Өйткені,  қазір малшылар қыстағына баратын жол жоқ. Оған тек арнайы жабдықталған трактор ғана жүре алады.

 

- Ал ондай техника малшыда жоқ. Өзіміз ауылда болғанымызбен, мал бағатын туыстарға көмектесе алмай отырмыз. Өйткені, жалдайтын трактор таппай қиналудамыз. Әкімшілікке бірнеше рет көмек сұрап бардық, одан түк шықпады,-дейді Елтай селосының тұрғыны Мирамгүл МАУЫТҚЫЗЫ.

Біздің Елтай округіне қарасты қыстақтарға бару сапарымыз сәтсіз аяқталды. Ақ көрпеге оранған маң далаға машина ізі түспеген. Бірақ телефон арқылы жеке шаруалармен сөйлесу мүмкіндігіне ие болдық.

-Бізде бір-ақ машина шөп қалды, ол әрі кетсе 10 күнге жетеді деп отырмыз. Ал көктемнің бізге әлі келетін түрі жоқ. Әлсін-әлі боран соғып тұр. Қар күн шықса да жіпсімей жатыр,-дейді «Бағырлай» қыстағындағы шопан Самат БЕЙІСОВ.

«Қызылтөбедегі» малшы Есқабыл ЖҰМАҚҰЛОВТЫҢ зайыбы Айманның айтуынша, қойды арасында далалыққа жаюға болады, ал сиырлар қолға тұрғанына ай жарым уақыт болған. Ал үйде астық пен вермишельден басқа азық-түліктер таусылған.

-Алыс қыстақтардағы малшылармен кем дегенде 15 күнде бір қатынас болмағасын, олардың керек-жарақтары таусылады. Естуімше, кейбір малшы қыстағында шөп таусылып, мал шығыны бар екен. Шағыл бойында отырған малшылардың да жай-күйі не болып жатқанын ешкім білмейді,-дейді Айман ЖҰМАҚҰЛОВА.

-Елтай селолық округіне қарасты 52 қыстаққа бара алмасақ та, олармен телефон арқылы байланыс жасаудамыз. Сырқаттанғандар турасында дабыл түскен жоқ, егер ондай жағдай болса,науқастарды тікұшақпен болса да алдыртады. Қырдың қары жұқарып келеді ғой. Былтыр да қыс тым ұзаққа созылды. Биыл  малшылар шөптерін, жем, азық-түліктерін көбірек жинап алған болатын. Арнайы жол аршитын техника аудан көлемінде жоқ болғандықтан, оларға көмектесе алмай отырмыз. Тіпті Елтай  ауылындағы тау болып үйілген қарды да толық тазарту әзірге мүмкін болмауда,-дейді Елтай округінің әкімі Ербол ДҮЙШІМ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

14 наурыз 2012, 17:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.